Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруы керек - министр

Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруы керек - министр
Сурет: Aikyn.kz

Бұл - 2026 жылға қарай жүзеге аса бастауы тиіс міндет. 

Елімізде соңғы жылдары авто өндіріс көлемі артып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өткен жылы елде 100 мыңнан астам жеңіл автокөлік құрастырылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жалпы, автомобиль жасау – еліміздегі жаңа бағыт. Біз бұл салада шамамен 10 жыл бұрын жұмыс істей бастадық. Өткен жылы автомобиль өндірісі 100 мыңнан астам жеңіл машинаны көрсетті. Бұған дейін автомобиль  құрастыруға баса мән берілетін. Енді біз локализацияны тереңдете түсеміз, талаптарды қатайтамыз. Әр брендтен бір модельді ұсақ құрастыру арқылы жинау керек. Шағын құрастыру – 2 мыңнан астам операцияны құрайды, бұл орасан зор жұмыс. Оған қоса, жаңа жобалар да бар. Біз шиналар өндірісін бастадық, аккумуляторлар мен алдыңғы бамперлер шығара бастадық. Әрі қарайғы міндет – жергілікті өндірісті дамыту», - деді министр.

Сондай-ақ, Индустрия министрі елімізде авто өндіру көлемі артып келе жатқанын айтты.

«Егер Қазақстан нарығы – 150 мың машина болса, келесі жылы қазақстандық автоөндіріс 150 мың машинаны шығарады. Яғни, нарықтың жаңа автокөліктерге деген қажеттілігі толығымен жабылады. Бірқатар жаңа жобалар бар. Біздің міндетіміз - 2026 жылға қарай Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруы үшін өндіріс көлемін 500 мыңға дейін арттыру», - деді Марат Қарабаев.