Қазақстан жаһандық жасыл даму институтына мүше болды

Қазақстан жаһандық жасыл даму институтына мүше болды
Сурет: 24kz

Жаһандық жасыл өсу институты 2012 жылы құрылған

Қазақстан жаһандық жасыл даму институтының 45-мүшесі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
 
Республиканың бұл ұйымға қосылуы туралы құжатты бүгін институт президенті Пан Ги Мунға біздің елдің Сеулдегі елшісі Бақыт Дүйсенбаев табыс етті. Жаһандық жасыл өсу институты 2012 жылы құрылған. Бұл халықаралық үкіметаралық ұйымның штаб-пәтері Сеулде орналасқан. Жасыл жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы ресурстарын тартады. 4 жылдан бері институтты Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун басқарады. Қазақстанның бұл ұйымға қосылуын қарастыратын заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай бұрын қол қойған болатын.  

«Қазақстанмен бірге жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені Қазақстан БҰҰ-ның беделді мүшелерінің бірі. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевпен БҰҰ-да, ал енді Қазақстан Республикасының Президенті ретінде жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе», - деді жаһандық жасыл өсу институтының президенті Пан Ги Мун.