Қазақстан мен Қытай ЖОО саласындағы білім гранттарын ұлғайту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Қытай ЖОО саласындағы білім гранттарын ұлғайту мәселелерін талқылады
Сурет: Gov.kz

Бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қытай Халық Республикасы Білім министрінің орынбасары Сунь Яоның кездесуі өтті.

Кездесу барысында университетаралық серіктестікті дамыту, екі ел студенттерінің академиялық білім алмасуы, қос дипломдық және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, университет филиалдарын ашу сияқты ынтымақтастықты одан әрі дамыту сынды маңызды тақырыптар көтерілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, сондай-ақ, Қытайдың Қазақстандағы жетекші университеттері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бірлескен қазақ-қытай ғылыми орталығын құру, жаңа Лу-Бан семинарларын ашу және қытай тілінде оқытушылар даярлау ісі нақтыланды.

Министр өз кезегінде қытайлық əріптесіне қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдары мен Қытайдағы тəжірибе орталықтарының ашылуына жан-жақты тоқталды.

«Соңғы 1,5 жылда жетекші шетелдік университеттер мен орталықтардың, соның ішінде Қытайдың серіктестік филиалдарын құру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023 жылды қорытындылаған тамаша жетістіктердің бірі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында «Лу-бан цехының» ашылуы болды. Біздің достығымыздың айқын дәлелі Жібек жолы университеттерінің альянсына қатысу болып табылады. Қазіргі уақытта 8 қазақстандық жоғары оқу орны альянсқа мүше болса, келесі жылы олардың саны одан әрі артады. Мұның бәрі біздің Министрліктің жаңашыл бастамаларға дайын екенін көрсетеді», - деді С.Нұрбек.

Қос тарап кездесуде бірнеше ұсыныстарды талқылауға ортаға салды. Қазақстан азаматтарының ҚХР университеттерінде білім алуға деген жоғары қызығушылығын ескере отырып, екі елден студенттердің баламалы алмасуын 100-ден 150 орынға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ тіл үйрену курстарына бөлек орындар бөліп, ҚХР университеттерінде оқу мүмкіндігін кеңейту мəселесі айтылды. Қытай тарапы бұл ұсыныстарды қолдауға толық дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбек Қытай тарапына екіжақты форматтағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қытайдың Ынтымақтастық комитеті жанынан Жоғары білім беру саласындағы кіші комитет құруды ұсынды. Бұл бастама екіжақты тиімді әрекеттерді жеңілдетуге бағытталған.

Өз кезегінде Қытай делегациясы құрмет ретінде қазақстандық тарапқа аталған мүмкіндіктер үшін алғыс білдіріп, нақты өзара іс-қимыл стратегияларын дамыту мен нығайтуды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан тату көрші, біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түседі. Біз өз тарапымыздан қазақстандықтарға Қытайдың жетекші университеттерінде сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндікті беруге дайынбыз. Қазір біздің университеттер қазақстандық студенттерді бакалавр дәрежесіне қабылдайды, енді магистранттар мен докторанттарды дайындау жұмысын күшейтуді көздеп отырмыз», - деді Сун Яо.

Кездесу соңында министр университетаралық ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті. Екі жақ ынтымақтастықты нығайтуға және екі елдің жоғары білімін дамыту үшін болашақта аянбай күш біріктіруге дайын екендіктерін білдірді.