Қазақстан құрамасы Паралимпиадаға қанша жолдама иеленді

Қазақстан құрамасы Паралимпиадаға қанша жолдама иеленді
Сурет: ҚР Туризм және Спорт министрлігі

Олимпиада ойындарына дайындық штабы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы қанша жолдама жеңіп алғанын айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

«Осы уақытқа дейін паралимпиадашылар 11 лицензия жеңіп алды. Атап айтсам, отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы, пара жеңіл атлетика бойынша ядро лақтыру, пара каноэ, пара пауэрлифтинг және пара нысана көздеу спорттарынан бір-бір жолдама жеңіп алса, пара жүзу спорты мен пара таеквондодан үштен жолдамаға қол жеткізді», - деді штаб басшысы Елсияр Қанағатов KAZINFORM тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар штап басшысы қазіргі таңда ұлттық құрама спортшыларының ағымдағы жағдайы, делегацияның жоспарлы құрамын қарау, қаржыландыру мен басқа ақпараттық ұйымдастырушылық дайындық мәселелері бақылауда екенін, жалпы де атап өтті.

«Қазіргі таңда паралимпиадаға дейін пысықтайтын мәселелер көп. Дегенмен атқарылып жатқан дайындық жұмыстары да аз емес. Пара спортшыларымызға лайықты көңіл бөлініп, жан-жақты жағдайлар жасалуында. Штаб пара спортшыларға барынша қолдау көрсетіп, ұйымдастырушылық жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен - пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу өнер көрсетуді жоспарлап отыр», - деді штаб басшысы.

Айта кетсек, 17-ші жазғы Паралимпиада биыл 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасы Парижде өтеді. 

Жарысқа әлемнің 184 елінен 4000 мыңнан астам спортшы қатысып, 22 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады.