Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгерлері Ливандағы миссияны орындады

Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгерлері Ливандағы миссияны орындады
Сурет: Министрлік

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты

«БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысатын Үндістан Қарулы күштерінің бітімгерлік контингенті құрамында қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы жүргізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы халықаралық әуежайында Таяу Шығыс еліндегі миссияны аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты. Олар БҰҰ мандаты аясында жаяу және мобильді патрульдеуді жүзеге асырды. Жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырумен айналысты. Үнді контингентімен бірге басқа да міндеттерді орындады.

– Ливанда біз үнді батальонының құрамында болдық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Шығыс секторының қолбасшысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоғары бағалады, – деп атап өтті бітімгерлік тобының командирі аға лейтенант Темірлан Күмісбеков.

Жақын арада бітімгерлер санаторлық-курорттық емделуден өтуі тиіс. Содан кейін олар тұрақты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға кіріседі.

Бүгінге дейін Үндістан бітімгерлік контингентінің құрамында 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Ливандағы миссияны орындауға қатысқанын атап өту керек.