Қазақстан-Әзірбайжан дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл

Қазақстан-Әзірбайжан дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл
сурет: Qazaqstan.tv

Жаңа кезең бастауы

Қазақстан мен Әзірбайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Осыдан тура 30 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1992 жылдың 27 тамызда Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орныққан еді.
Тарихи өлшеммен қарағанда бұл қысқа мерзім болып көрінуі мүмкін. Бірақ бауырлас елдердің мемлекетаралық қатынастары дәл осы кезеңде қалыптасып, нығайды.
2005 жылы Бакуде қол қойылған Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынас туралы шарт екі елдің ынтымағын жаңакезеңге шығарды.
Басқаша айтсақ, екі елдің достығы мен одақтас қатынастары осы құжаттан тамыр алып жатыр.
Посткеңестік аумақтағы бауырлас екі ел бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сөзбен ғана емес, нақты іс-әрекетпен де ашық қолдап келеді.
Көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясат қазіргі заманғы сын-қатерлерде, оның ішінде әлемде соңғы айларда байқалған геосаяси турбуленттілік жағдайында өзінің мызғымастығын көрсетті.
Бүгінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасында мақұлданған түрлі сипаттағы 90-ға жуық құжаттардың базасы бар. Оның ішінде мемлекетаралық шарттар, үкіметаралық келісімдер және өзге де құжаттар бар.
Ынтымақтастық форматына келсек, ол көпжақты бсипатқа ие. Ал БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ТҮРКСОЙ, ОТГ сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдардың бәрінде екі елдің әрекеті үйлесім тапқан.
Сонымен қатар, екі елдің заңнамалық органдары арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Мемлекеттер арасындағы екіжақты байланыстардың негізіне саяси ғана емес, экономикалық қатынастар да кіреді.
Әзірбайжан бүгінде Қазақстанның оңтүстік Кавказдағы негізгі сауда-экономикалық әріптесі болып есептеледі.