Гренобльде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Гренобльде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Сурет: Inbusiness.kz

Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін өңірлердің орасан зор әлеуетінің бар екенін атап өтті.

Францияның Оверн-Рон-Альпі өңірінде Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Оверн-Рон-Альпі өңірінің компаниялары Қазақстанмен цемент, титан құймалары, күн батареяларына арналған фотоэлементтер және т.б. өндіру сияқты секторларда бұрыннан жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, сирек жер элементтерін әзірлеуде, «жасыл» сутегі өндірісінде, сондай-ақ тау туризмін дамытуда ынтымақтастықты кеңейтуде әлеует бар.

Елші Қазақстанның жаңа Құрметті консулының үздік қасиеттері мен кәсібилігін ерекше атап өтті.

«Софи Сидостың тағайындалуы Франциядағы құрметті консулдықтардың басында әйелдердің рөлін арттырады», - деді ол.

Өз кезегінде Софи Сидос Елші мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшылығына сенім білдіргені үшін алғысын білдірді. Ол басқаратын Louis Vicat қоры Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің мәдени іс-шараларын өткізуге үнемі жәрдемдесетінін атап өткен жөн. Жұмыс барысында ол Қазақстанмен достық және жылы қарым-қатынас орнатты. MEDEF Isère-ді (кәсіпкерлер қауымдастығының жергілікті бөлімшесі) басқаратын Софи Сидос сонымен қатар өңірдегі компаниялардың Қазақстанмен байланысын нығайтуға ниетті.