«Kazakhstan Smart Space»

«Kazakhstan Smart Space»
Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауы өтті

Биыл Қазақстанның Ұлттық аэроғарыш агенттігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау мерейтой аясында жас өнертапқыштар Сәтбаев универси­тетінде бас қосып, «Kazakhstan Smart Space» атты ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауына қатысты.

Бүгінде адам баласының қашықтағы ғарышқа қол созып, оның сан ғасырлық құпиясын білсем деген арманы толық орын­далмаса да, зерттеу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Бүгінгі ақпараттық заманда өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың аспан де­нелерінің, астрономияның құпиясын білсем деген талпынысы тым ерекше. Бір қуанарлығы, «ғарышқа ғашық» жастардың қатарының артып отырғаны. Аталмыш байқауға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның 59 оқу орнынан студенттер мен мек­теп оқушылары қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын ұсын­ды. Байқаудың ашылу салтанатында «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ғылыми орталығының» Басқарма төрағасы Ма­рат Нұрғожин, «Қазақстандық жобаларды басқару» институты­ның президенті Олег Парахин сөз сөйлеп, жас таланттар ашқан жаңалықтардың еліміздің келешегі үшін маңызы өте зор екеніне тоқталды.

– Жастардың шығармашылық дарыны мен олар­дың келешегі, зор идеялары бүкіл шараның өзегіне айналып отыр. Байқау шартына сай жас инженерлер жас шамаларына қарай 3 шығармашылық және бір конкурс­тық номинацияда сынға түсті. Әрбір жобаның өзіндік ерек­шелігі бар. Тіпті, қиялдарының ұшқыр екендігіне, өте дарын­ды екеніне тәнті болып отыр­мын. Бұл елімізде мықты инженерлердің қата­ры артып, өнертапқыштар­дың жаңа легінің өсіп келе жатқанын көрсетеді, – деді Марат Нұрғожин.

Жас өнертапқыштардың қиялынан туындаған ғылыми жаңалықтар дәл бүгін болмаса да, келешекте ел игілігіне жарары сөзсіз. Мәселен, «Сумо» жекпе- жегін көрсеткен роботтардың өнері жиналғандарға тамаша әсер қалдырды.

Екі күнге созылған байқау бағдарламасы да қызықты болды. Бұл күні жарыс қонақтары мен мектеп оқушылары Сәтбаев университетінің кам­пусымен танысты. Ұ.Сыдықов атындағы коворкинг орталығын, Минералдар галереясын, Тарихи мұражайды, Қазақстан технология­ларын дамыту мұражайын және университет кітапханасын аралады. Сонымен қатар, ғарыштық квест пен ғарыш индустриясында және басқа да жоғары технологиялық салаларда мектеп пен студенттік кәсіпкерлікті дамытуға арналған халықаралық се­минарға қатысты.

Ұйымдастырушылар ғарышқа қанат қаққысы келетін жас ұрпақтың талпы­нысы мен қызығушылығына қолдау білдіріп, олардың жобаларының маңыздылығын бағалады. Жалпы, бізге құпиясы беймәлім спут­никтік байланыс, навигация, метеорология, өнеркәсіп, тіпті медицина саласының өзі ға­рыштық технологияларды қол­данбаса, біздің мына өмірдегі тіршілігімізді елестету қиын. Аталмыш байқау биылғы аэро­ғарыш агенттігінің 30 жылды­ғымен тұспа-тұс келгендіктен, «Ғарыш саласының динамикалық инновациялары мен базалық сала­лары. Проблемалар, әлеует және бо­лашақ: Қазақстан – 2023–2030» атты тұңғыш халықаралық конференциямен қатар өтіп отыр.

Аталмыш конференцияға «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы, Алматы қаласы білім басқарма­сы, ҚР ҰҒА Аэроғарыш комитетінің және «Kazakhstan Space Travel» компаниясының өкілдері қатысты. Конференция барысында Қазақстанның практикалық мәселелерін ғарыштық технологиялар көмегімен шешу, Қазақстанның ғарыш саласы үшін кадрлар даярлау мәселесі талқыланды.

Тақырыпқа орай

Ерлан ТАШТАЙ, техника ғылымының канди­даты:

– Жастарымыз үшін үлкен маңызды шара өткізіп жа­тырмыз. Біз ғарыш техноло­гиясын енгізуде басқа мемле­кеттер сияқты өз саламызды дамытуды көздеп отырмыз. Ол үшін осы салаға жастары­мызды ынталандыруымыз ке­рек. Осындай алаңдарда жас­тарымыздың жасаған макеттерін, ашқан жаңалық­тарын ортаға салып талқы­лайтын болсақ, ертең олардан танымал ғалым шығары сөзсіз. Біздің елімізде ғарыш мамандарын даярлайтын 4 оқу орны бар. Соның бірі – біздің университетіміз. Байқауға 100 команда қатысса, олардың 52- сі ақтық сайысқа жолдама алды. Ғылыми жобалары үздік деп танылған жас өнертап­қыштар қаржылай сыйлықпен марапатталып, оқушылар оқу грантына ие болады.