Катар мен Қазақстан екі маңызды құжатқа қол қояды

Катар мен Қазақстан екі маңызды құжатқа қол қояды
Сурет: Еgemen.kz

Осыған дейін Катар Қазақстанға 50 млн доллар инвестициялаған.

Вице-премьер - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгін Катар мен Қазақстан арасында екі маңызды құжатқа қол қойылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Оның бірі - сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім. Екіншісі - стандарттау мен метрология саласындағы келісім.

«Көбісі түсіне бермейді, бірақ біздің тауарлардың нарықта танылуы тұрғысынан бұл - өте маңызды келісімшарт. Қой етін, мұздатылған ет жеткізу, Қазақстан аумағында сүт бағытында сиыр өсіру бойынша уағдастылыққа қол жеткізілді», - деді Жұманғарин.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қаржы саласында да үлкен жұмыс атқарылып жатыр.

«Катардың белгілі банкі осы жерде банк ашуды жоспарлап отыр. АХҚО биржасында қазір түрлі катарлық институттар тіркелуде», - деді вице-премьер.

Жұманғарин Катар осыған дейін Қазақстанға 50 млн доллар инвестициялағанын атап өтті. Соның ішінде қайырымдылық та бар, Алматыда медициналық мекеме салды.

«Сауда айналымы 3 млн доллар шамасында. Бұл төмен көрсеткіш екенін мойындау керек. Қазір тетіктер мен құралдарды жақсартып жатырмыз. Сауда әлеуеті 70 млн долларды құрайды», -деді Жұманғарин.

Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Ақордада салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.