Қалалық таксопарктердің бірінің басшылығы әкімшілік жауапқа тартылды

Қалалық таксопарктердің бірінің басшылығы әкімшілік жауапқа тартылды
almaty-akshamy.kz

Алматыда жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысатын шетелдіктер іздестіріліп жатыр.

Профилактикалық іс-шара басталғалы бері шетелдіктер 217 мәрте жол ережесін бұзғаны анықталды. Оның ішінде Тәжікстан азаматтары 44 рет жол ережесін бұзған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Диас Дуанбеков айтты. 

«Мамандандырылған айыппұл тұрағына 79 автокөлік қойылды. Шетелдіктердің жеке тасымалдау қызметін көрсету деректерін анықтауға ерекше назар аударылды. Соңғы тәулікте осыған ұқсас 3 дерек анықталды. Тәжікстан азаматтары мобильді ресурс арқылы заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан. Құқықбұзушылықтың болу себептері мен шарттарын жою жөнінде аталған ЖШС-ға ұсыныс енгізілді», — деді ол.

Сондай-ақ полицияның мәліметінше, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін қалалық таксопарктердің бірінің басшылығы әкімшілік жауапқа тартылды. 

«Жергілікті полиция қызметінің өкілдері өз құзыретіне сәйкес анықталған заң бұзушылықтар бойынша материалдарды Алматы қаласының көліктік бақылау инспекциясына жіберді», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.