Испания мен Канадада өртке байланысты мыңдаған адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды

Испания мен Канадада өртке байланысты мыңдаған адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды
Сурет: ашық дереккөз

Испанияның Тенерифе аралында өртке байланысты мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Канаданың солтүстік және батыс аймақтарындағы ормандар өртеніп, тұрғындар жаппай эвакуациялап жатыр. Бұл туралы  Almaty-akshamy.kz Еuronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тенерифеде өрт салдарынан 26 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Өрттің шарпыған аумағы – 5 мың гектар жер. Күшті жел мен төмендемей тұрған температура салдарынан өрт тез тарап жатыр.

Мұндай таулы аймақта қызыл жалынмен күресу өте қиын. Өртті әуеден ұшақпен сөндіруге будақтаған түтін кедергі келтіреді. Екі тәулік ішінде Йеллоунайфта 19 мың адам эвакуацияланды. Бұл – Канаданың солтүстігіндегі қаланың барлық тұрғынына жуығы. Олардың 15 мыңы жалын шарпыған аймақтан автокөлікпен кетсе, 3 800 тұрғын әуе арқылы эвакуацияланған. Адамдарды көршілес провинциялар қабылдап, қонақүйлерге орналастырып жатыр.

Жалынмен күресуге 300 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Канада тарихында өрт ең көп болған осы маусым кезінде 14 миллион гектар жер өртеніп кеткен. Бұл 1989 жылғы рекордтан екі есе көп. Ал маусым әлі аяқталған жоқ.