Инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады

Инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады
Сурет: ашық дереккөз

Алматы қаласындағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі ең басты сын-қатердің бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсеткендей, Алматыда да бұл тұрғыда жағдай мәз емес. Президенттің айтуынша, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кетуі сумен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды кезек күттірмей шешу қажет екенін көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені алаңдаушылық туғызатынын айтты. Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын туғызды. Президент еліміздің ең үлкен шаһарындағы су шаруашылығын ретке келтіру үшін атқарылуға тиіс негізгі міндеттерді айқындап берді.

Атап айтқанда, Үкімет пен қала әкімдігіне мердігерлердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау нысанын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беру;

қаланың су шаруашылығына толық тексеріс жасау және Алматының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізу,

сондай-ақ «Балқаш» станциясындағы резервуар мен төрт скважинаның құрылысын аяқтау міндеттері жүктелді.