Іле-Балқаш резерватында өртпен күрес жалғасып жатыр

Іле-Балқаш резерватында өртпен күрес жалғасып жатыр
Сурет: ашық дереккөз

Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында тұтанған дала өртімен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

«Өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күшімен Іле-Балқаш резерваты аумағында орын алған (кішігірім аралдарда және кірме жолдары жоқ жетуі қиын батпақты жерлерде) өрттің таралу аумағын 100 гектарға дейін азайтуға мүмкін болды.

Төтенше жағдайлар департаменті және «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ күштері жаяу жүре отырып, 5-кварталда өртпен күресуде. Қол шанц құралдары мен мотопомпалар пайдаланылуда.

Сондай-ақ Бақанас орман шаруашылығы учаскелерінде жалынның өтуін болдырмау үшін орман шаруашылығы күштерімен жер жырту жүргізіліп жатыр.

Елді мекендерге қауіп жоқ», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, табиғи өртті сөндіруді жеделдету үшін 28 маусым, сағат 13.40-тан бастап «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-872 тікұшағы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 7 рет су шашылды, барлығы 21 тонна су.

Тілсіз жаумен күресті ТЖД және «Іле-Балқаш» табиғи резерватының 70-ке жуық қызметкері 34 техниканы қолдана отырып жалғастырып жатыр.