Алматыда 2023 жылы мемлекет қажеттілігі үшін қанша жер телімі алынатыны белгілі болды

Алматыда 2023 жылы мемлекет қажеттілігі үшін қанша жер телімі алынатыны белгілі болды
Сурет: Ашық дереккөзі

Қазіргі уақытта жер телімінің 22 учаскесі сатып алынды

2023 жылы Алматы әкімдігі «Қалқаман» жаңа метро стансасын салуға және бірнеше көше мен даңғылды ұзарту үшін жер телімдерін сатып алуды аяқтайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, келесі жылы Медеу ауданындағы Т. Рысқұлов даңғылы бойындағы айналмалы жол өткелінің құрылысына 7 жер телімін, Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға 270 учаске сатып алу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ, Т. Рысқұлов даңғылын Ф. Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту үшін 210 жер телімі сатып алынады. Бұдан бөлек, А. Жұбанов көшесін Б. Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту және метрополитен салу («Қалқаман» станциясы) жобалары бойынша жер телімдерін сатып алу аяқталуы қажет. 

Мамыр айында Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары басталған болаты. Бірінші учаскесі Яссауи көшесінен басталып, Әшімов көшесіне дейінгі аралықты қамтымақ. Жобаны 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. 

Қазіргі уақытта 270 жер телімінің 22 учаскесі сатып алынды. 

Айта кетейік, Алматыда осы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекет қажеттілігі үшін 105 жер учаскесі алынды.