Халық санағы – ұлттың бейнесі

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қазан аралығында кезекті ұлттық халық санағы өткізіледі.

Мемлекеттік деңгейде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің дұрыс есептелуі статистикалық мәліметтерің дәлдігіне тікелей тәуелді. Сондықтан, ұлттық халық санағы – маңызды демографилық көрсеткішерді, қанша жұмыс орнын ұйымдастыру қажеттігін, қанша үй, мектеп, ауруханалар сынды әлеуметтік нысандар салынуы тиіс екенін анықтаудың жалғыз жолы.

Қазақстанда 2021 жылы осымен үшінші ұлттық халық санағы өтеді. Дайындық кезеңі, шілде айында интервьюерлер барлық тұрғын үйлер мен қоныстанбаған ғимараттарды олардың мекен-жайы мен тұрғындар санын нақтылау үшін аралап шығады. Бұл жұмыстың нәтижесінде аудандастыру жүргізіледі және аумақ есептік учаскелерге бөлінеді. Ал жаппай халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қазан аралығында өтеді.

Биылғы халық санағы процесті автоматтандырумен ерекшеленеді. Бұрынғы қағаз бланкілерінің орнына заманауи планшеттер қолданылатын болады. Алынған ақпарат лезде бірыңғай деректер базасына жіберілетіндіктен, мәліметтердің бұрмалануы орын алмайды. Ал деректердің сақталуы заңмен кепілдендірілген.

Санақты кімдер жүргізеді, оларды қалай танимыз? Жалпы халықтық санақтың интервьюерінде мөр басылған жеке куәлігі, көк түсті, логотип бейнеленген шарф пен сөмкесі болуы тиіс. Сұхбат алушының жұмысын тексеру мақсатында сіздің учаскеңіздің санақ деректерін Ұлттық статистика бюро сайтында салыстыруға болады.

Егер сіз осы уақыт аралығында қалада, мемлекет ішінде болмасаңыз немесе интервьюердің сұрақтарына жеке жауап беруге уақытыңыз болмаса, онда сұрақтарға онлайн түрде жауап беруге болады. Ол үшін  www.sanaq.gov.kz сайтына тіркеліп, ұялы телефонда растау коды бар SMS алғаннан кейін санақ беттерін толтыру керек. Мұндай онлайн рәсім 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін жалғасады.

Аталмыш науқан арқылы халықтың белгілі бір уақыт аралығындағы шынайы бейнесін, қоғамның ішкі тұрмысын білуге болады. Сонымен қатар, санақ соңғы он жыл ішінде халықтың демографиялық көрсеткіштері мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай өзгергеніне баға беріп, келешекте бюджетті оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан ел үшін маңызды істен қалыс қалмайық!

Сізді қызықтыған кез-келген сұрақты жедел желінің 1446 нөмірі бойынша немесе www.sanaq.gov.kz сайтында қоюға болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *