Грант конкурсына 83 мың талапкер өтініш берді

Грант конкурсына 83 мың талапкер өтініш берді
Сурет: ашық дереккөз

19 шілдеге дейін білім грантын тағайындау конкурсына 83 мың өтініш келіп түсті.

Талапкерлердің басым бөлігі құжатын үш республикалық маңызы бар қаланың жоғары оқу орындарына тапсырып жатыр: Алматы (34 мың), Астана (16 мың) және Шымкент (5 мың), деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

  Талапкерлердің таңдауы ішінде ең сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар» (22 мың), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (16 мың) және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (11 мың) қалып отыр.  Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» - 9 мың. 

Ары қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» - 5 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында «Медицина», оны 4 мың талапкер таңдаған.  Естеріңізге сала кетсек, 20 шілде - грант конкурсына өтініш қабылдаудың соңғы күні.  Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоо-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асады.  Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды кез келген жоо (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.