Қазақ елінің депутаттары Еуропарламенттегі әріптестерімен кездесті

Қазақ елінің депутаттары Еуропарламенттегі әріптестерімен кездесті
Сурет: Nn.tsargrad.tv

Еуропарламентпен әріптестік артып келеді

Брюссельде қазақстандық депутаттар Еуропарламенттегі әріптестерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жайы талқыланды. Сондай-ақ коронавирус пандемиясымен күресте тәжірибе алмасты.

Бұдан бөлек, тараптар індеттен кейін Қазақстан мен Еуроодақта жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар жайын сөз етті.

«Бірінші кезекте, тәжірибе алмасу жағы сөз болды. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болғаны реформалар туралы, Парламенттің аталған реформаларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асырылуын қалай қамтамасыз етіп жатқаны туралы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы айттық. Сонымен қатар, біз халықаралық саясат мәселелері соның ішінде Ауғанстан жөнінде сөйлестік. Бұған қоса, біздің пандемиямен күресудегі тәжірибеміз де әріптестеріміздің қызығушылығын тудырды. «Ашық» жүйесі оларды қатты таңқалдырды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі еуропарламент делегациясының басшысы Фульвио Мартушелло, Қазақстан Еуроодақ үшін Орталық Азиядағы сенімді және маңызды серіктес болып табылатынын айтты.

«Сіздердің елдеріңізбен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы. Қазақстан Еуроодақ үшін Орталық Азиядағы сенімді және маңызды серіктес болып табылады. Бүгін біз Қазақстан Парламентінің делегациясымен кездесіп, ынтымақтастығымызды талқыладық. Көптеген еуропалық кәсіпкерлер Қазақстанда жақсы инвестициялық жағдай жасалғанын айтады. Жалпы, бізді бүгінде Ауғанстандағы ахуал қатты алаңдатады. Сондықтан Еуроодақ пен Қазақстан үшін терроризммен және есірткі бизнесімен күресте, оның ішінде шекаралық бақылауда бірлесе жұмыс істеу өте маңызды», - деді ол.