Германия су астында қалды: 33 адам қаза тапты, зардап шеккендер саны өсіп келеді

Германия су астында қалды: 33 адам қаза тапты, зардап шеккендер саны өсіп келеді
Сурет: BBC

Адамдар өз үйлерінің шатырына шығып, көмек күтуде.

Батыс Германияда орын алған су тасқыны адам шығынына әкелді, жолындағыны шайып өтіп, бәрін қиратып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BBC сайтына сілтеме жасап.

Полицияның хабарлауынша, көптеген өңірлердің астан-кестеңі шыққан, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың санын анықтау қиынға соғып жатыр. Соңғы дерек бойынша, 33 адам қайтыс болған, ондаған адам із-түзсіз жоқ болып кеткен.

Германияның ауылдары су астында қалған, талдар құлаған, автокөліктер суда жүзіп жүр, көшелер сарқыраған өзендерге ұқсайды.

Тұрғындар бұл су тасқыны бұған дейінгілердің ішіндегі ең сұрапылы деседі. Адамдар өз үйлерінің шатырына шығып, көмек күтуде.

Батыс Германияға соңғы 24 сағатта жауын-шашын көп түсті, сол себепті өзендер арнасынан шықты. 150 мыңдай үй электр қуатынсыз қалды. Жергілікті шенеуніктер жағдай қауіпті дегенді айтып отыр. Бейсенбі мен жұма күндері жаңбыр Германияның өзге де өңірлеріне жауады деп күтілуде. Ең көп зардап шеккен өңірлерге Рейнланд-Пфальц жерлері мен Солтүстік Рейн-Вестфалия жатады.