Ғалымдардың айлығы көбейеді

Ғалымдардың айлығы көбейеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қосымша ақы мөлшері ғылыми дәреже мен атаққа байланысты.

Енді жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын оқытушылардың және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғалымдардың негізгі жалақысына қосымша ақы қосылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл жайлы ғылым туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен мәжіліс отырысында белгілі болды.

"Қосымша ақы мөлшері ғылыми дәреже мен атаққа байланысты. Мысалы доцент атағы бар ғылым кандидаттары қосымша 25 АЕК, профессор атағы бар ғылым докторлары 50 АЕК алады", - делінген хабарламада.

Одан бөлек жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарын аяқтау үшін бір жылға дейін еңбек демалысы беріледі. Бұл кезеңде ұйымның қаражаты есебінен орташа жалақы сақталады.

Кемінде бес жыл үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған қызметкерге шығармашылық еңбек демалысы он жылда бір рет беріледі. Мұндай демалыс аяқталған соң ғалымдар сол мекемеде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.