Ғаламторға тәуелділік қалыпты жайтқа айналып барады

Ғаламторға тәуелділік қалыпты жайтқа айналып барады
killer-antiplagiat.ru

Интернетке деген әдеттегі қызығушылықтың белгілі бір дәрежеде тәуелділікке айналып бара жатқаны рас. Бұл шынымен де қауіпті ме әлде бүкіләлемдік ғаламторға қатысты сыни пікірлер асыра айтылып жүр ме?

Бұл ретте, жұрттар кез келген ақпаратты іздеу, табу тұрғысында оның қолды айтарлықтай ұзартып отырғанына меңзеп, «интернетсіз мүмкін емес» дейді. Мұның сыртында, ғаламтордың дүниенің төрт бұрышына түгел шашыраған ағайын-туыс, дос-жаран арасындағы қарым-қатынасты жеңілдете түсетіні де нағыз «іздегенге – сұраған» болып отыр. Сол сияқты, ғаламтор – енді біреулердің кеңінен танылуына немесе жұмыс табуына да себепкер. Осы мақсатта бірқатар жұрттар түрлі сайттарға өздерінің әдеби шығармаларын, кескіндемелік жұмыстарын да орналастырып жатады.

Қалай дегенмен де, табалдырықтан аттай салысымен компьютерге жүгіріп, ғаламтордан көз айырмауды әдетке айналдырған адамдардың қылығы ойлануға еріксіз мәжбүр етеді. Бұл ретте, Интернет-тәуелділік әлдекімнің ғаламтордағы өмірді бәрінен жоғары қойып, өзінің виртуалды «тұрмысын» мүмкіндігінше байытуға, жан-жақты жарақтандыруға жанын сала кірісуінен көрінеді. Және бұл іс жүзінде адамның шынайы өмірден бас тартуына алып келеді. Ал неғұрлым көбірек жолдас-жора, таныс табу немесе виртуалды әлемді толтыруға тырысу жеке тұлғаның орнын алмастыруға алып келеді.

Психолог мамандардың пікірінше, ғаламторға тәуелділіктен организмде айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды, бірақ бұл адамды невроз жағдайына душар етуі ықтимал. Онда да, мысалы, тәуелділіктің дәстүрлі түрлері жылдар бойы қалыптасса, ғаламторға тәуелділік аяқ астынан және қарқынды түрде дамуы мүмкін. Бір анығы, оған тәуелділердің көпшілігі өзгелермен байланысқа түсу, қарым-қатынас жасау үшін ғаламтор желісінде «өмір сүреді» және бұл дертті «жұқтырғандар» саны шынайы өмірдегі қарым-қатынас пен виртуалды байланыс арасындағы үлкен айырмашылық есебінен өсіп отырады.

Ең бастысы, виртуалды әлемде кіммен, қалай байланыс жасасаң да, шын аты-жөніңді көрсетпеуіңе болады. Мысалы, әдетте, жанындағылармен жақын сөйлесе алмайтын, ойын ашық жеткізуге қысылатын ұялшақ адамның өзі ғаламторда кіммен болсын, күні-түні еркін сөйлесіп, әркімдермен ой бөлісіп, өзін тамаша сезіне алады. Алайда ең өкініштісі, маңайындағы жақын адамдарымен арасы ашылған үстіне ашыла береді. 

Әрине, Интернетке жұмыс бабымен «байланған» адамның тірлігі – бір басқа, ал егер бұл «байлану» белгілі бір мақсаттан ада болса, онда арнайы мамандардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Себебі ғаламторға тәуелділік түбі жақсылыққа апармайды.

Интернет жалпыға бірдей қолжетімді бола бастағаннан-ақ мектеп жасындағы балалары бар ата-аналар ерекше дабыл қаққан. Өйткені, балалар шынайы өмірден гөрі, виртуалды әлемге ерекше бой ұра түскен. Мұны психологтар ата-аналардың өз перзенттеріне жеткілікті түрде көңіл бөлмейтіндігінің салдары ретінде түсіндіреді. Сол себепті де балалар бар қызықты ғаламтордан іздейді. Яғни ата-анасы тарапынан бос қалған кеңістікті бала Интернеттің көмегімен толтыруға мәжбүр болады. Сондықтан жұмысы қаншалықты қауырт болса да, егер баласының болашағын шынымен ойласа, әрбір ата-ананың өз перзентіне көңіл бөлуге уақыт тапқаны абзал.