Фталат деген не?

Фталат деген не?
stopfake.kz

Әлеуметтік желіде Coca-Cola, бургерлер мен балалар тағамында адам денсаулығына теріс әсер ететін химиялық заттар табылды деп жазылуда. Химиялық заттар танымал сусындар мен тағамдарға қаптау материалдары арқылы еніп, қатерлі ісік пен бедеулік тудырады екен. 

Жарияланымда фталаттар – фтал (ортофосфор) қышқылының тұздары мен эфирлері туралы айтылған. Бұл зат пластификатор ретінде қолданылады. Оны иілгіштігі пен беріктігін арттыру үшін пластмассаға қосады.

Фталаттар пластик қаптамада ғана болмайды. Олардың қолдану аясы кең. Атап айтқанда, жеке күтім және косметика, медициналық бұйымдар, кілем және қабырға жабындары, құрылыс материалдары, бояулар, жуғыш заттар және т.б. өндірістерде.

Фталаттар мына жағдайларда әсер етуі мүмкін. Егер бұл заттың бөлшектері ауада болса және сіз оларды жұтсаңыз. Немесе құрамында фталат бар өнімдермен тікелей байланыста болған тағамды жесеңіз. Нақтырақ айтқанда, бұл ойыншықты аузына салатын кішкентай балалар үшін қауіпті. Осыған орай, 2005 жылы Еуропалық Одақта бірнеше фталатқа тыйым салынды. Балаларға арналған өнімдерде DEHP, DBP, BBP, ал 3 жасқа дейінгі сәбилерге арналған ойыншықтарда DINP, DNOP және DIDP қолдануға болмайды. АҚШ-та кәмелетке толмағандарға арналған тауарлар өндірісінде DEHP, DBP және BBP тыйым салынды.

Фталаттарды зерттеу үнемі жүргізіледі. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, бұл заттың кейбір түрлері жануарлардың репродуктивті жүйесіне әсер етеді. Алайда фталаттардың аз мөлшерде адамға әсері белгісіз. 

Бұл ретте жануарларда жүргізілген сынақтарда фталаттар адамдың айналасындағыдан әлдеқайда көп дозада қолданылады. Бұл туралы 2008 жылғы зерттеулерде айтылды. Сондай-ақ, бұл химиялық зат адам ағзасына әртүрлі жолдармен енеді, ал тәжірибелерде оны кеміргіштердің аузына құйған. Сондықтан нақты фталаттар денсаулықтың бұзылуына әкеледі деуге негіз жоқ.

2020 жылғы зерттеуде фталаттардың адамның репродуктивті жүйесіне қалай әсер ететіні туралы мәселе әлі де ашық күінде қалуда. Ғалымдар әлі күнге дейін ортақ пікірге келген жоқ.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) қазіргі уақытта тамақпен байланыста болатын тек 9 фталатқа рұқсат береді. Оларды тағамға қосуға тыйым салынған. Сонымен қатар, жаңа зерттеулер туралы барлық ақпарат бақыланады, азаматтардың өтініштері қаралады, соның негізінде белгілі бір химиялық заттарды одан әрі пайдалану туралы шешім қабылданады.

Осылайша, ондаған жылдар ішінде жүргізілген зерттеулердің ешқайсысы фталаттардың фертильділікке, эндокриндік жүйеге теріс әсер ететінін немесе қатерлі ісік тудыратынын растаған жоқ. Демек, осыған қатысты пікірлерге дәлелді негіз жоқ.