Есігі жоқ балкон

Есігі жоқ балкон
Cурет: видеодан алынды

Құрылысшылар үйге балконды орнатқанымен оған шығатын есікті ұмытып кеткен

Балконы бар, есігі жоқ. Мұндайды тек бізде елде ғана көретін шығарсыз. Еліміздің солтүстігінде көп қабатты тұрғын үй салған құрылысшылар үйге балконды орнатқанымен оған шығатын есікті ұмытып кеткен, – деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Енді үйдегі адам балконға баруы үшін кішкене терезеден ыршып шығуы керек. Таңқаларлығы жобалық-сметалық құжатта балкон мүлдем көрсетілмеген. Ал баспана кезегінде тұрған мұқтаж отбасыларға ипотекаға берілуі тиіс тұрғын үйді өз қаражатына жөндеп жатқан құрылыс компаниясы балконды салуын салғанымен, есігін қойғанға ерінген сияқты.

Балконға шығатын есігі жоқ бұл төрт қабатты тұрғын үй Петропавлдан 200 шақырым жердегі Сергеевка қаласында тұр. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың айтуынша, 90 жылдардан қирап жатқан тұрғын үйді жеке компания өз қаражатына жөндеп жатыр. Ал құрылыс компаниясы балконды тек үйдің декоративі ретінде қалдыратын болған.