Есірткіге еліргендер...

Есірткіге еліргендер...
Сурет: Almaty-akshamy.kz

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Қазақстанды есірткі тұтынып, автомобиль басқарған 16 адам ұсталғанын айтты, - деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі Наурыз мейрамы қарсаңында және ол аяқталғаннан кейін "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген. Оған 14 мыңға жуық полицей мен Ұлттық ұлан сарбаздары тартылған.

"10 күнде іздеуде жүрген 71 адам ұсталып, белгіленген тұрғылықты жеріне келмеген 24 сотталған азамат анықталды. Арнайы қабылдау-тарату орнына 661 адам орналастырылды. Олардың арасында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар мен құжаттары жоқ шетелдіктер бар", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен онлайн брифингте.

Ресми өкіл рейдтік іс-шара барысында тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен алып жүрудің 362 фактісінің анықталғанын, 92 келі есірткі, 35 атыс қаруы және 161 суық қару тәркіленгенін атап өтті.

Сонымен қатар ол жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болғанын атап өтті.

"Іс-шара барысында жылдамдық режимін сақтамаудың 22 мың фактісі, жолдың қарсы бөлігіне шығудың 337 фактісі тіркелді. Көлікті мас күйде басқарған 437 жүргізуші ұсталды. Оның 16-сы есірткі пайдаланғаны анықталды. Жүргізуші куәлігінен айырылса да 267 адамның көлік басқарған", - деді ресми өкіл.