Ерте диагностика өмірді сақтайды - Алматы онкологиялық орталығы

Ерте диагностика өмірді сақтайды - Алматы онкологиялық орталығы
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Алматы онкологиялық орталығында сүт безі обырын ерте анықтау айлығына арналған Ашық есік күні өтті.

Бұл шараның барысында 239 әйел онколог-маммологтың кеңесін алды. Қатерлі ісікке күдігі бар 9 науқас анықталып, олар ультрадыбыстық зерттеуден өтті. Онкологиялық диспансердің клиникалық диагностика бөлімінің меңгерушісі Найля Ақжолованың айтуынша, қажетті қосымша тексерулерден кейін әйелдерге арнайы ем тағайындалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Ашық есік күні онколог-маммолог мамандар тексерулер мен консультациялардан бөлек, әйелдерге сүт безін өздігінен тексеру ережелерін үйретіп, келгендерге сүт безін жүйелі түрде маммографиялық тексеруден өткізудің маңыздылығын түсіндірді. Сүт безінде қандай да бір түзілім пайда болған жағдайда, бірден маммологқа көріну керек», - дейді маман.

Естеріңізге салайық, Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күні аясында Алматы онкологиялық орталығы 2022 жылғы қазанның бірінен бастап ай бойы әр сенбі сайын (1, 8, 15, 22, 29) сүт безі обырын ерте анықтау бойынша Ашық есік күндерін өткізеді.

Айта кетейік, Алматы қаласында 6635 әйел сүт безі қатерлі ісігі диагнозымен есепте тұр. Статистикаға сәйкес, қалада жыл сайын 700-ге жуық сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын әйел анықталады. Күн сайын қалада осы патологиямен 2 әйел ауырады. 2021 жылы Алматы қаласында сүт безі обырынан 192 әйел қайтыс болған, оның 50 пайызы еңбекке қабілетті жастағы әйелдер.

Алматы онкологиялық орталығы қаланың барлық әйелдерін тегін тексеруге шақырады.