Ереуілден соң «Қазақтелеком» қызметкерлерінің жалақысы өсетін болды

Ереуілден соң «Қазақтелеком» қызметкерлерінің жалақысы өсетін болды
mobilaser.kz

«Қазақтелеком» мен ақпараттандыру және байланыс қызметкерлер кәсіподағы жаңа ұжымдық шартқа қол қойды. Серіктестіктің басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Facebook парақшасындағы мәлімдемеде жаңа келісім-шарт әлеуметтік пакетті толық сақтай отырып, өндіріс қызметкерлерінің айлығын айтарлықтай арттыратынын айтқан, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Өндіріс жұмысшыларының жалақысы біліктілік деңгейіне қарай орта есеппен 20-50 пайызға артады.

«Ұжымдық шартымыздың жаңа нұсқасында біз, ең алдымен, жаппай жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің лауазымдық жалақысының төменгі деңгейін көтеру, сондай-ақ қызметкерлердің ай сайын алатын жалақысының бөлігін көбейту міндетін аламыз», - дейді Қ.Есекеев.

Бұдан бөлек компания көп балалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау бағдарламасын да қоса бекіткен.

«Қазіргі уақытта компания басшылығы қызметкерлердің жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету бойынша бірқатар бастамаларды қарастыруда. Бұл ретте біз қызметкерлеріміздің өздерін де, олардың балаларының білім алуын инвестициялауды жалғастырамыз», - деп қосты басқарма төрағасы.