«Ер адамның киімін аяққа баспа»

«Ер адамның киімін аяққа баспа»
Сурет ашық дерек көзінен алынды

немесе киілмейтін киім-кешекті қайда жібереміз?

 

Адам киімсіз болмайды. Тіпті, жарық дүние есігін енді ашып жатқан шарананың өзін жөргекке орап құндақтаймыз. Адамзат палеолит дәуірінде үстіне тігіссіз, байланатын лыпалар іліпті. Ал неолит кезеңінде өсімдіктерді өру, иіру, тоқу кәсібін игергеннен кейін, иықтан, мықыннан киілетін киім түрлері пайда болған деседі. Мәселен, үнділер сари, шалма, шәлі; кавказдықтар бурка; римдіктер тога; ежелгі гректер гиматий; солтүстік халықтары теріден жасалған тұлып кисе, қиыр шығыстықтар теңіз жәндіктерінен киім дайындаған көрінеді. Ал біздің малсақты қазақтың киімдері көбіне малдың терісінен, жүнінен тігілгені мәлім.

 

Уақыттың уысындамыз

Уақыттың уысындамыз. Сондықтан күндердің сырғуымен, жылдардың жылжуымен, жаһанның дамуымен бүгінде киімдер де түрленген. Яғни қазір ешкім денесіне жапырақ байлап жүрмейді, сауда нүктелерінен қалағаныңызды табуға болады. Бірақ үстіңізге ілген киім де уақыт өте ескіреді немесе бір-екі киілген соң, жаңасын алғыңыз келіп тұратыны бар. Сөйтіп, шкафыңыздың сөресі тола береді. Ал ескісін тоза қоймаған соң, кезінде қыруар қаржыға алғасын тастауға қимаймыз. Керегі болып қалар деп, жылдап жинай беретіндер де бар.

Қазақта бас киімді, ер адамның киімін, жағасын аяққа баспау керек деп, оған айрықша мән берген. Тіпті, бұрынғы аналар еркекті құрмет тұтқаны соншалық, ер кісінің киімінің үстінен аттап, аяқпен баспақ түгілі, әйелдің киіміне қоспай бөлек жуған. Бірді айтып, бірге кетеміз, сонымен не істейміз, киілмейтін киімдерді қайда жіберуге болады?

Қалада тұратындар дорбалап ауылға беріп жіберіп жататынын білеміз. Ол да дұрыс. Ауылда баласы көп отбасылар аз емес, ойынға, есік алдына, ал ересектер мал қоралауға шыққанда, шөпке киіп тастаса да жаман емес, ең бастысы, қажетке жарады. Ал кейбір үйлерге барғанда, балалардың қысқарған жап-жаңа киімдері немесе ерлердің футболкалары есігінің алдында еден сүрткіш болып жатады. Денемізден түскен киімдердің де қалай болса солай жатпағанына мән берсек артық болмас еді. Сондықтан ауылға дорбалап емес, сұрыптап, туыстарға шақ келетінін, тәуірлеуін, көңілдерінен шығатын бүтінін жіберген дұрыс шығар.

 

«Маған жаңасын беріңіз!»

Әлеуметтік жағдайы төмен жандардың мешіттерге барып көмек сұрайтынынан хабардармыз. Азық-түліктен бөлек, киілмейтін киімдерін де мұқтаж жандар киіп қалар деген ниетпен апарып беретін тұрғындар бар ма екен? Бәлкім, мешіттердің жанында арнайы осындай орындар бар шығар? Осы сауалдарымызды Алматы қаласы Орталық мешітінің өкілдеріне қойып көрген болатынбыз. Бізге осы мешіттің найб имамы Тимур Алиев жауап берді.

– Бір жылдары біздің қаладағы 54 мешіттің жанынан арнайы орын бекітіліп, контейнерлер қойылды. Соған қала тұрғындары киілмейтін киімдерін апарып салып кететін. Сосын мұқтаж жандар ішінен өзіне керегін, шақ келетінін таңдап алып жататын. Бұл жұмысты қайырымдылық қорының өкілдері Алланың разылығы үшін деп тегін атқарды. Бірақ уақыт өте қор жабылып қалды. Неге? Ойлап қарасаңыз, бір ай жалақы алмай қалсақ қалай боламыз өзіміз, ал олар екі-үш жыл үздіксіз тегін істеді, сосын шаршады. Қазір бұл функция біздің Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған «Зекет және қайырымдылық қорына» өтті. Бірақ бұл қордың тікелей жұмысы емес, дегенмен киілмейтін киім-кешегін сонша жерден көтеріп әкеліп тұрған адамды қайтарып жібермейді, волонтерлар қабылдап алады. Сосын керек еткен жандар бұрынғыдай таңдап алып кетіп жатады.

– «Киілген киімдер болса да, алайын деп едім» деп келетін жандар қатары көп пе әлі де, әлде сиреді ме?

– Бұрынғыдай тым көп болмаса да, бар. Біз дәл тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, қаланың төрт бұрышынан ағылатын жолаушылардың тоғысатын жері мына тұрған «Саяхат», одан арысы – «Көк базар», сондықтан контингент әртүрлі. Қоғамды құрап отырған адамдар да әртүрлі. Бірі осы киілген киімдердің өзіне шын мұқтаж екенін білдіріп, бұйырғанына қанағат етіп, Алла разылығы үшін рахмет деп дұғасын айтып кетіп жатса, кейбірі «маған жаңасы керек» дейді. Бірде бір апай келді. «Далада қалып қойдым, аяқ киімімнен су өтіп жүр, ақша берсеңіз» деді. Қалтамдағы бес мың теңгемді ұсынып едім, «бұл ақшаға не келеді қазір?» деп ренжігендей болды. «Онда жүріңіз» деп, киілген болса да жуылған, қатталып, жиналып тұрған киім-кешектер бөлмесіне ертіп апардым. Мұнда киілген болса да кейде сапасы жақсы, бренд киімдер де, аяқ киімдер де түсіп тұрады. «Мен біреудің ескі-құсқысын кимеймін!» деді апай. Кейде сондай сәттерде көңілің түсіп қалады. Бірақ шариғат шеңберінде жүрген соң Алла разылығы үшін ынсапты, сабырлы болуға, алдыңызға он түрлі мінезді адам келіп тұрса да, бәрін бірдей, тең қабылдау ұстанымынан танбауға тырысамыз.

Қазір уақыт басқа, жаңа, сәнді киім кигіміз келеді. Сондықтан киілмейтін киімдеріңізді өртеп жіберуге, үйіміздің мағындағы тұрмыстық қалдықтарды тастайтын темір жәшіктердің алдына қалдыруға болады. Бірақ киімдердің аяқтың астында қалмауын ескерген абзал. Яғни жәй шүберек демей, оған да құрметпен қарап, пакеттерге салып, ит-құс шашып, жұлмалап тастамас үшін жақсылап буып, түйіп қойған дұрыс.

 

Тұзды сумен жуған дұрыс

Орталық мешіт ауласынан орын тепкен «Зекет және қайырымдылық қоры» Алматы қаласы өкілдігінің офисінде де болдық. Мұнда этикеткасы да алынбаған жаңа балалар киімдерімен бірге, ойналған ойыншықтарды да көзіміз шалды. Мұқтаж жанның қажетіне жараса деген қайырымды, мейірімді жамағаттың аз еместігіне қуандық осы сәт.

Біздің байқағанымыз, киілген киім-кешегін әкелген адамдар целлофан пакеттерге бүктемей, жеңін, балағын салақтатып сала салып, қалай болса солай, есік көзіне тастап кететін көрінеді. Ал әр киімді жуып, таза күйінде бөлек-бөлек пакеттерге салып, ұқыпты етіп жеткізетіндер де жоқ емес екенін байқадық. Сайып келгенде, жәй ғана киімдерді біреуге беру немесе керегіңді таңдап алу сәтінде де бізге кейде мәдениет, тазалық, өзгеге құрметпен қарау сынды қарапайым адами құндылықтар жетпей жататын секілді.

Бір жылдары Алматы қаласында кісі аяғы көп жүретін сауда-ойын-сауық орталықтарынан киім-кешектер қабылдайтын бірнеше бокстар ашылған-ды. Жастардан құралған еріктілер тұрғындардан жиналған киюге жарамды киімдерді, аяқ киімдерді сұрыптап, жағдайы төмен отбасыларға, балалар үйлеріне, әлеуметтік көмек орталықтарына апарып беретін. Қазір елдің жағдайы жақсарды ма, киілмеген киімдер сұрап жатқан ағайынның қарасы бұрынғыдай көп емес. Әрине, тұрмысымыздың түзелгеніне қуанамыз.

Айтпақшы, біздің шаһарда бөтеннің, бөтен болғанда да мұхиттың арғы жағындағы еуропалықтардың киіп тастаған киімдерін сататын дүкендер көп. Оларды «Секонд-хенд» (second hand – ағылшын тілінен аударғанда, «екінші қолдан шыққан» дегенді білдіреді) дейді. Еуропада бір киімді біз сияқты екі-үш жыл киіп жүріп алмайды, бір маусым ғана киюі мүмкін, сосын өткізіп жібереді.  Мамандар «секонд-хенд» киімдерін кимес бұрын оларды тұзды суда жуып барып, пайдалануға кеңес береді. Айтпақшы, шетелде «Секонд-хендке» тауарлар коммерциялық және коммерциялық емес жолмен жиналады. Алғашқылары киімдерді сатып, өздері пайда тапса, екінші құрылым тапқан табыстарын экономикасы нашар дамыған елдерге азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға жұмсайды екен.

 

Мүшел жаста киім беру де – садақа

Алматы іргесіндегі Талғар ауданына қарасты (Алматы облысы) Кеңдала ауылдық мешітіне де бас сұқтық. Әңгімеміздің төркіні киім-кешек болған соң аталған мешіттің имамы Тәліпхан Байсәрсеновке:

– Мүшел жаста жақсы киіміңді беру деген де бар. Бұл туралы не дер едіңіз? – деген сауал қойдық.

– Бұл ата-бабамыздан келе жатқан жақсы бір дәстүр. Жалпы, мүшел жаста садақа ретінде тек жақсы көретін қимас киіміңізді ғана емес, ақшалай да беруге болады. Бұл – тағы бір мүшелге жеткені үшін Аллаға шүкіршілік айту, сонымен қатар, екінші адамды жақсы қиіммен қуанту. Иә, жақсы көретін киімін, затын берген адам, сондай-ақ, өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа беру арқылы кетеді деп сенген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады, кез келген садақа келе жатқан бәле-жаланың бетін қайтарып жібереді. Демек, бұл аман-саулық жолында берілген садақа, – деді Тәліпхан Байсәрсенов.

Иә, қазақта мүшел жас қауіпті кезең болып саналады. Сондықтан оған қатысты ырымдар да бар. Ертеректе үлкендер адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырылғанда қамыстың бунағына ұқсайды деп санаған. Ал қатты жел тұрғанда қамыс буынынан сынатынын ескерсек, өмірдің буыны мүшел жас деп қараған секілді атам қазақ. Сондықтан мүшел жасында адам неғұрлым сақтанып жүрген көрінеді. Мүшел жасқа келген жанның өзінің жақсы көретін киімін немесе бағалы затын біреуге сыйлау керек деген ұғым да осыдан шықса керек.

Әрине, бұл бір мүшелге толғанда қимас затыңды сыйламасаң, міндетті түрде бір пәлеге тап келесің деген сөз емес болар. Дегенмен, санамызға сіңіп, өмір сүру салтымыздың бір бөлшегі сынды қабылданып кеткен ырымды кәденің еш зияны жоқтығы тағы аян. Жақсы затын немесе киімін басқаға сыйлаған адам сол қадамы арқылы өз көңілін өзі демеп, рухани түрде бір серпіліп қалатын болса, ал жарқыраған бұйымға немесе жақсы киімге қолы жеткен мұқтаж адам, яғни екінші тарап одан да бетер қуанышқа бөленеді. Нұр үстіне нұр емес пе бұл.

Тақырыпқа орай

Тимур АЛИЕВ, Алматы қаласы Орталық мешітінің найб имамы: Шариғат пен дәстүр сабақтас

«Қайтыс болған адамның киімдерін жақын-жуыққа тарату жөнінде не айтар едіңіз?» дейсіз бе? Бұл қазақтың дәстүрінде бар жоралғы. Шариғатқа да еш қайшылығы жоқ. Бізде жалпы шариғат пен дәстүр сабақтасып жатады ғой. Ислам діні бойынша, қайтыс болған кісінің атынан садақа беруге болады және оның сауабы өліге тиеді деп есептеледі. Ең абзалы – киюге жарамдысын егер мұқтаж адам табылып тұрса немесе туыстарыңыздың арасынан, көрші-қолаңнан болсын, марқұмнан көзіндей көріп жүріңіздер деп, ал қайтыс болған адам үлкен кісі болса, тәбәрік деп, сол адамның жасын берсін деген жақсы ниетпен, ырыммен таратқанда тұрған ештеңе жоқ.


Тәліпхан БАЙСӘРСЕНОВ,  Кеңдала ауылдық мешітінің (Талғар ауданы) имамы: Жақсы амалдың бәрі – құндылық

Бізден ары, күре жол бойында бірнеше саяжай бар, көпбалалы отбасылар да аз емес. Бізден киімнен гөрі, көбіне азық-түлік сұрап келіп жатады. Ол жағынан жергілікті кәсіпкерлер көмек қолын созып тұрады. Садақа ретінде жаңа киімдер де әкеліп беретін азаматтар бар. Киілген киім-кешегін көтеріп келген адамдардың да пакетін алып қаламыз, бір жағынан көңілі қалмасын деп, екіншіден, оны да киетін мұқтаж адамдар табылып қалар дейміз. Шыны керек, қазір адамдардың да ойы өзгерген, жаңасын көбірек сұрайды. Үлкен күрежолдың бойында тұрған азық-түлік дүкендерінің алдына қойып кететіндер жандар да бар, сол жерден мұқтаж адамдар керегін алып жатады. Бұл да бір жоқ-жітіктерге қарайласудың бір жолы деп ойлаймын. Жақсы амалдың бәрі – құндылық.


Ардана САРДАРҚЫЗЫ,  мұғалім, Алматы тұрғыны: Әкемді еске түсіріп тұратын

Бала күнімізде бір үйдің балалары бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Ол тұстағы киімдер сапалы болатын. Марқұм шешем киілмей тұрған немесе ескірген, қысқарып қалған киімдерді тастауға обалсынып, құрақ көрпеге пайдаланатын, бөстек, табалдырыққа төсейтін шағын төсеніш тігетін. Ал қазір сөйтіп неге тікпейсің деу дұрыс емес шығар. Өйткені, қазір бәрі бар, заманауи заттарды тұтынған жақсы ғой. Қазір әркімнің өз киімі өзіне жетеді, сондықтан жер үйде тұратындықтан, киілмейтіндерді жағып жіберемін.

Есімде, ұзақ жыл ұстаздық еткен әкем қайтыс болғанда, киімдерін жақын-жуықтарға таратты. Көршімізде жасы үлкен ата болатын (бәлкім, бізге ата болып көргенген болар сол кезде), бір киімін сол кісі де алды. Ата ылғи есігінің алдында темекі тартып отыратын. Сонау нарық жылдары ғой, тұрмысы да төмендеу болғаны есімде сол үйдің, шиеттей бала. Маған сол атаның күншуақта отырған сәті сондай ыстық көрінетін, үстінде марқұм әкемнің костюм-шалбары. Кейін ойласам, марқұмның киімін тарату дәстүрін жоқ-жітіктің қажетіне жарасын деп атам қазақ шығарған-ау, шамасы. Кез келген амалдың арғы жағында осындай қайырымдылық, адамгершілік деген құндылықтар жатса, жақсы ғой!