Елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді

Елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді
Сурет: top10.travel

Эпидемиологиялық жағдайдың салдарынан елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтетін болды, ал қалған бөлігі өткізілмейді. Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады.


Бұл мәліметті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы таратты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес, жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған. Сондай-ақ ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.


Толымдылығы 20%-дан аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі.


Сол сияқты Ashyq жобасы негізінде карантиндік шараларды қатаң түрде сақтай отырып, ашық ауада өтетін іс-шараларға рұқсат етіледі.


Мысалы, 6 шілде күні «МузАрт» ансамблінің онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.


Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, «Өндіріс» және «Көктал» аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.


Сонымен қатар, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.