Еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет - Мемлекет басшысы

Еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет - Мемлекет басшысы
Сурет: Turkystan.kz

Мемлкет басшысы Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырды.

Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихының көптомдығы жеңіл тілде жазылуы тиіс екенін айтып, тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек», - деп тапсырма жүктеді Президент.

Мемлекет басшысы бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосады деген сенім білдірді.

«Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.