Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол салынбақ

Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол салынбақ
Сурет: Rail-news.kz

Қытаймен шекарада 3-ші теміржол өткізу пунктін ашу, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салу жоспарланып отыр.

Яғни Қазақстан Еуропа мен Таяу Шығыс бағытында жүк тасымалдауға белсенді түрде қолайлы жағдайлар жасауда. Осы және өзге де ірі жобалар жайлы Шанхайда ұйымдастырылған көрмеде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шанхайға жұмыс сапары барысында премьер-министр Әлихан Смайылов Қытайдың Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

«Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», - дейді ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян. 

Әлихан Смайылов қатысушы ел делегациясының басшысы ретінде Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорттық көрмесінің ресми ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.Үкімет басшысы қазіргі таңда бұл ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкілдері қатысатын жаһандық іскерлік алаңға айналғанын атап өтіп, екі ел арасындағыбайланыстың артып келе жатқанына тоқталды.

«Өткен жылы біздің елдеріміздің арасында тауар айналымы 24 млрд доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Осы жылдың 9 айында ғана өзара сауда тағы 20 процентке өсіп отыр. Алдағы уақытта біз тауар айналымын 40 млрдқа жеткізуге ниеттіміз. Осыған байланысты біз бүкіл қытайлық кәсіпорындарды ынтымақтастықты кеңейтуге шақырамыз», - дейді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналу үшін елеулі күш-жігер жұмсауда. 2014 жылдан бері Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істейді. 2023 жылдың мамыр айында Сиань құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды. Ал, Ұлттық павильон шеңберінде Қазақстан сан түрлі сала бойынша мүмкіндіктерін көрсетті.

«Қытайдың географиялық жақындығы, логистика жағынан ыңғайлы , сондықтан Қытай нарығы біз үшін қызықты болып келеді. Оның үстіне өте жақсы туристік бағыт болып келеді. Жыл сайын мыңдаған турист келеді. Біз өзіміздің табиғатымызды, өнімімізді көрсетуге дайынбыз», - «Arba Wine» ЖШС басқарма мүшесі Әсем Түсіпбаева. 

Қазақстандық коммерциялық стендті аралау барысында делегация басшылары отандық кәсіпорындардың өнімдерімен және ұсыныстарымен жан-жақты танысты. Жалпы, соңғы 5 жылда Қытайдың халықаралық импорт көрмесіне Қазақстаннан 133 компания қатысып, соның арқасында құны 260 млн доллардан астам сомаға тиімді экспорттық келісімшарттар жасалды.