Елімізде 3 мың мұғалім жетіспейді

Елімізде 3 мың мұғалім жетіспейді
Сурет: ашық дереккөз

Министр кадр мәселесі қалай шешілетінін айтты

Үкімет отырысында Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек педагогтарды дайындау мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Педагогтарға деген сұраныс жылдан жылға артып келе жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттілік 3 мыңнан астам адамды құрайды. Министрлік осы кадр тапшылығы мәселесін жан-жақты зерделеді. Біздің алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектермен педагогтарға деген сұранысты қамтамасыз етеміз деген болжам бар. Тек келесі жылы ғана педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биылғы бітіруші түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз. Осылайша біз педагогикалық кадрлардың қажеттілігін толығымен жабамыз», - деді ол.

Саясат Нұрбек атағандай, осы саладағы грант саны 15 923-ке жеткен.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты мен 2029 жылға дейінгі жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Педагогикалық бағыттар бойынша гранттар саны соңғы жылдары бірнеше есе өсіп, 15 923 бірлікке жетті. Олардың құны екі есеге өсті. Студенттік шәкіртақы да өсті. Сонымен қатар мұғалімдік мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасуда, бүгінде оның 72%-ы жаңартылды. Жалпы, осы және басқа да жүргізіліп жатқан өзгерістер педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және олардың заман талабына бейімделуіне бағытталған», - деді министр.