Елде өлім-жітім 26 пайызға азайды

Елде өлім-жітім  26 пайызға азайды
Сурет: Inform.kz

Елімізде өлім-жітім көрсеткіші пандемияға дейінгі деңгейге оралды.

Былтыр елімізде 134,7 мың адам қайтыс болды, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда төрттен бірге аз, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Өткен жылы өлім-жітімнің жалпы коэффициенті пандемияға дейінгі кезеңнен төмендеді.

Қазақстандықтарды өлім-жітімге жиі ұшырататын себептердің бірі – жүрек-қан тамырлары аурулары.

Пандемия кезінде (2020-2021 ж.ж.) өлім-жітім шамадан тыс тіркеліп, көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда күрт артты. Қайтыс болғандардың жалпы саны 2020 жылы 21,2%, 2021 жылы 37%-ға артқан. Айта кетерлігі, өлім-жітімнің барлығы тікелей COVID-19 инфекциясымен байланысты емес. Өткен жылы көбіне қан айналымы жүйесі ауруларына шалдығудың соңы өлімге алып келген. Екінші орында – қатерлі ісік және соған ұқсас дерттер. Ал, тыныс алу органдарының аурулары үшінші орында.

Ұлттық статистика бюросының деректерінде халықаралық жіктеме бойынша аурулардың ірі топтары ғана қамтылған. Олардың қатарына Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің шамамен 60%-ы кіреді. Қалған себептер, яғни 40,1% немесе 54 мың жағдай ресми статистикада нақтыланбаған.

2022 жылы жүрек және қан айналымы ауруларынан қайтыс болғандар саны басқа ауруларға қарағанда төмендеген. Осылайша, елімізде инфаркт, инсульт және жүрек-қан тамырлары жүйесі проблемасымен қайтыс болғандар саны 13 мың адамға азайған.

Пандемиядан кейін тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 7,7 мың жағдайға немесе 36,9%-ға азайған. Өткен жылы қайтыс болған қазақстандықтар саны 2019 жылғыдан азайды. Биыл қаңтарда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өлім-жітім бойынша өткен жылғы статистиканы келтірген болатын.

«Былтыр халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады», - деген болатын А. Ғиният.

Мемлекеттік бюджеттен ауруханаларға бөлінген қаржыға қарағанда, медициналық қызметтер мен оның тиімділігін арттыруға көп қаражат қаралған. Көрсетілген қызметтер санының өсуі медициналық мекемелердің қаржылық көрсеткішіне әсер етеді. Мемлекеттің медициналық мекемелерге 2021-2022 жылдары төлеген қаражаттың жалпы көлемін салыстырсақ, айырмашылық өте аз (+2,3%).

Қаржы бойынша 2021 жылы ауруханалар қызмет көрсеткені үшін мемлекеттен 1,98 трлн теңге, ал былтыр 2,02 трлн теңге алды. Айырмашылық – 44 млрд теңге.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, пандемия кезінде өлім-жітімнің көбеюіне әсер еткен тағы бір себеп – ауруханалар мен емханаларда пациенттердің шамадан тыс болуы. Салдарынан ем алу қолжетімсіз болды.