Ел тұрғындары былтыр мұражайларға 6,1 млн рет барған

Ел тұрғындары былтыр мұражайларға 6,1 млн рет барған
Сурет: Ашық дереккөз

Мұражайларда барлығы 2,6 миллион экспонат сақтаулы

Былтыр Қазақстанның мұражайларына көрермен 6 097 мың рет барса, 2021 жылы 5 104 мың рет болған деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Халықаралық мұражай күніне орай Бюро осы мәдени мекемеге барушылар жайлы статистикалық мәліметтерді ұсынды.

Мұражайларға барушылардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 492 мың келуші, одан кейін Астанада – 643 мың келуші және Шығыс Қазақстан облысында – 564 мың, барушылардың саны Шымкент қаласының музейлерінде ең аз – 43 мың.

«Бұл ретте, Шымкент қаласында мұражайлардың саны да көп емес – 5 бірлік. Жалпы, 2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда барлығы 271 мұражай жұмыс істесе, бір жыл бұрын олардың саны 7 бірлікке кем болған. Мұражайлар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – 27 мұражай, Ақтөбе облысында 20 мұражай және Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әрқайсында 19 мұражайдан», – делінген хабарламада.

271 мұражайдың 48-і – тарихи, 109-ы – өлкетану, 65-і – мемориалдық, тағы 14-і – қорық мұражай, 11-і – өнертану және т.б.

Айта кетсек, 4 мұражай жекеменшік, қалғаны – мемлекет меншігінде.

Мұражайларда барлығы 2,6 миллион экспонат сақтаулы.