Ел ардақтысы

Ел ардақтысы
Суретті түсірген - К.Қонысбаев

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Роза Шамжанованың құрметіне мемориалдық ескерткіш-тақта қойылды.

Ол 1942 жылы ҚазМУ-де оқып жүрген кезінде өз еркімен майданға аттанып, 33-байланыс бөлімшесінде командир болған. Соғыстан кейін Мәскеу халықаралық қатынастар институтын бітірген. ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында ғылыми қызметкер, 1951–1953 ж.ж. Бүкілодақтық шет елдермен мәдени байланыс қоғамының Қазақ бөлімшесі өкілінің орынбасары болған. 20 жылдан астам уақыт Қазақ достастық және шетелдермен байланыс қоғамын басқарған.

«Роза апаймен 7 жылдай еңбек атқардым. Ол кісінің табандылығына қайран қалатын едік. Бірге шетелдерде Қазақстанның мәдени күндерін ұйымдастыратын едік. Роза Шамжанқызы кішкентай кезінен жетімдер үйінде өскен.

Сол кездерде мал шаруашылығын дамытуға атсалысып, мал жайып, бұзауларды бағуға көмектескен. 13 жасында Қазақстаннан барған делегация құрамында, 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мал шаруашылығының озат жұмысшылары жиналысына қатысқан. Ерік- жігерінің арқасында 2 жылда бір рет шетелге мәдениетіміз, ұлттық болмысымызды, әдебиетімізді танытуға өлшеусіз үлес қосты», – дейді ҚР еңбек сіңірген дипломаты, профессор Қайрат Исағалиев.

Іс-шараның өтуіне Алматы қаласының мәдениет басқармасы мұрындық болды. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне туыстары, дос-жарандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шәкірттері қатысты.

«Анам жұмыста қатал болғанмен, өмірде кішіпейіл, адамдарға жанашыр еді. Еңбекке жастайымыздан араластырды. Ол өз ісіне адал адам еді. Еліміздің көптеген қоғам қайраткерлерімен араласты, әлемге қазақты танытты. Соғысты да, жоқшылықты да көрді. Отбасындағы 4 баладан мен ғана қалдым қазір. Ескерткіш-тақтаны қоюға, орнатуға үлес қосқан жандарға алғысымды білдіремін», – дейді ұлы Ерлан Сәдуақасов.

Тынымсыз еңбек пен адамгершілік қасиеттерінің арқасында Роза Шамжанқызы ел ардақтысына, халқының қалаулы тұлғасына айналды. Шетелдермен мәдени байланысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан, Болгария, Моңғолия, Румыния, Чехословакия, Германия, тағы да басқа елдердің жоғары наградаларымен марапатталған.