Егу пункттерінде 975 волонтер көмектесуде

Алматыда халықты вакциналау жұмысына 900-ден астам арнайы оқытылған волонтер-медиктер көмек көрсетуде. Бұл туралы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласының жаппай вакциналау штабы еріктілерінің үйлестірушісі Жәнібек Солтанай айтты.

Иә, кәсіби дәрігерлер мен мейірбикелерге көмекке медициналық жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері мен оқытушылардан құралған 975 ерікті келді.
Олар Алматы Жоғарғы медициналық колледжі, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебі және Колумбия университеті жанындағы «ICAP» ұйымының ұйымдастыруымен арнайы оқыту курстарынан өткен.
«Шақырылған 970 волонтер мен маманның 120-сы – резидентура тыңдаушысы, 149-ы – интерн, 221-і бакалавриат студенті, жалпы саны 490 білім алушы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда қаламыздың 91 емханасы, сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарларда 364 волонтер мен шақырылған мамандар вакциналау пункттерінде қызмет атқаруда. Қалғандары резервтік тізімнің құрамына еніп, пункттердегі күнделікті қызметкерлер қатарына қосылуда», – дейді Ж.Солтанай.
Сондай-ақ, медициналық колледж студенттері мен қаладағы медициналық емес университеттердің студенттері де егу пункттерінде үйлестіруші қызметін атқаруда. Олар пункттердегі бетперде режимінің, әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қадағалайды, ақпараттық келісім қағаздары мен вакцинация жайлы көрнекілік құралдарын таратумен айналысады. «Тіркеуші қызметінде медициналық жоғарғы оқу орнының студенттері мен интерндері медициналық ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Негізгі орта медициналық қызметкерлерге дәрігер-интерндер көмек көрсетуде. Сонымен қатар, дәрігер-резиденттер келушілердің артериялық қан қысымын өлшейді, термометрия жүргізіп, анамнез жинайды және тұрғындардың екпеден кейінгі жағдайын бақылайды», – деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаны қалалық 74 емхана базасында, сондай-ақ, мәдениет нысандарында, сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарларда орналасқан, бас-аяғы 200 егу пунктінің бірінен алуға болады. Егу пункттерінің орналасқан жерін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының сайтынан, сондай-ақ, 3000-505 және 1312 телефондары арқылы білуге болады. Вакцина алуға ниетті алматылықтар eGov Mobile қосымшасы немесе eGov платформасы арқылы да жазылуына болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *