Дихан Қамзабекұлы: Президент ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістер сарапталады

Дихан Қамзабекұлы: Президент ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістер сарапталады
Сурет:Baq.kz

Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас. 

Наурыз айындағы Жолдауында Президент мемлекеттік мүдде жолында этностардың ұйысуын «ауқымды өзгерістердің жүруін тездететін» фактор ретінде байыптады, деді Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ғалым Дихан Қамзабекұлы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Ғалымның пікірінше, Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас. Жаңа Қазақстанның мәні айқындалды: ол, біріншіден, елдік қауіпсіздікті қанағаттандыратын, екіншіден, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын қолдайтын кешенді реконструкция, қайта құрылымдау.  

Халқымыздың «Жауды жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – шын батыр» деген мың жылдық ата сөзі бар. Бұл «елің үшін, өзің үшін, ұрпағың үшін түзел, әрекет ет» дегенді білдіреді. 

Қазақ елінің дәстүрлі береке-ынтымағы мен тағдыр қосқан этнос өкілдерінің парасаты мақтаныш тұтарлық, бірақ қазіргі сын-қатерлер бұл береке мен парасатты толықтыруды, байсалды, баянды етуді талап етеді. Осы ретте Мемлекет басшысы ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістердің сарапталуына сенім білдірді ғалым. 

«Бір ұстанымымыз: сан ғасырлық мемлекетшілдік арқауымыз, екінші ұстанымымыз: әрқашан елді ұйыстыруға себепші тіл мен дәстүрдің алтын қазығы – қазақ ұлтының даналығы десек, бұл тезис те әлемдік үйлесімділікке сәйкес келеді», – деді Дихан Қамзабекұлы.