Депутат қояр сауал көп

Депутат қояр сауал көп
dknews.kz

Мәжіліс депутаттары бірінші сессияда 253 депутаттық сауал жолдаған

Биыл 19 наурызда кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлау пропорционалды жүйе бойынша ұйымдастырылды. Ол дегеніміз, депутат болу үшін партия құрамында болу міндетті емес. Енді кез келген азамат өзін-өзі ұсына алады. Осы ретте VIII шақырылым депутаттары белсенді ме деген сұрақ маза­лайтыны рас. Олар қай мәселелерді жиі көтереді және сұрауларын кімге жолдағанды жөн санайды. Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

 

Халық қалаулылары ең көп сауалды  Әлихан Смайыловқа жолдайды

 

Саясаткер бірнәрсені ойлап, басқа нәрсені айтуы, мүлдем басқа істі жасауы мүмкін. Сондықтан олардың саяси бел­сенділігін айтылған сөзімен емес, атқарған ісінен қарауымыз керек. Халық қалаулыларының үмітті ақтау-ақтамауын жол­даған сауалдарынан да білуге болады. Себебі, депутат сауалы ресми құжат. Оған мемлекеттік аппарат жауап беруге мін­детті.

Депутат сауалдарына сараптама жүргізу үшін Мәжілістің ресми сайтындағы ақпаратты қолдандық. Онда депутат сауал­дарын кім жолдағаны, олардың кімге бағытталғаны туралы толық ақпарат бар.

VIII шақырылым депутаттары бірінші сессияда жалпы 253 депутаттық сауал жолдаған. Бұл сауалдар тек бір адамға бағытталмайтынын ескерсек, олардың саны бұдан да жоғары болады. Сауалдардың басым көпшілігі Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа бағытталған (104). Келесі орында оның бірінші орынбасары Роман Скляр жайғасқан (47). Үштікті Әлихан Смайыловтың бұрынғы орынбасары Алтай Көлгінов иеленген (39). Бір қызығы, одан кейінгі орында Бас прокурор Берік Асылов тұр. Бұл саяси жүйеде прокуратураның бе­делінің артқанының көрінісі.

Cаяси тұлғалар

Жолданған cауалдар саны

1.

Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-Министрі

104

2.

Роман Скляр – Премьер-министрдің бірінші орынбасары

47

3.

Алтай Көлгінов – Премьер-министрдің экс-орынбасары

39

4.

Берік Асылов – Бас прокурор

35

5.

Тамара Дүйсенова – Премьер-министрдің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

13

6.

Ерұлан Жамаубаев – Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі

Серік Жұманғарин – Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі

9

Рейтингтің аутсайдерлеріне министрлерден Марат Қара­баев, Әлібек Қуантыров, Дархан Қыдырәлі, Саясат Нұрбек жатады. Ал Президентке тікелей бағынатын агенттік төраға­ларынан Дархан Жазықбаев, Мәдина Әбілқасымова, Әсет Ерғалиев, Асхат Жұмағали аутсайдерлер. Олардың әрқайсы­сына 1 депутаттық сауал жолданған. Агенттік төрағаларының жұмысына қатысты сұрақ болмауы мүмкін, бірақ көш соңын­дағы министрлерге қатысты сұрақ көп.

Министрлерге депутаттардың сауалдарының көп бол­мауы, олар басқаратын мекемелердің жұмысына сын аз екенін білдірмейді. Оған халық қалаулылары көтеріп отырған мәсе­лелер дәлел бола алады. Оларды сараптай келе, депутаттар көп мәселелерді премьер-министр, не оның орынбасарларына жолдайды деген қорытындыға келдік. Ал ол мәселелердің басым көпшілігіне жекелеген министрліктер жауап беруі ке­рек. Себебі, тікелей сол министрлердің құзыретіндегі сұрақ­тар.

Мысалы, ең көп сұрақ әлеуметтік осал топтарды қорғау, баспана және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жолдан­ған (45). Депутаттар ауыл шаруашылығы мен жер мәселе­леріне де баса назар аударады (28). Әсіресе, сепаратизмнің алдын алу; жастар арасындағы әлімжеттік, электронды шы­лым, есірткіні қолдану, лудомания (құмар ойын); интернет, телефон және кибералаяқтық; ЛГБТ және дәстүрлі құнды­лықтар, банк салықтарының көп болуы және коллекторлар­дың заңсыз әрекеттері және өзге де өзекті ұлттық, қоғамдық мәселелерге халық қалаулылары ерекше мән берген (24).

Мәселелер

Саны

1.

Әлеуметтік осал топтарды қорғау, баспана және жұмыспен қамту

45

2.

Ауыл шаруашылығы мен жер мәселесі

28

3.

Ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік

24

4.

Білім беру

19

5.

Экология

16

6.

Денсаулық сақтау

16

 

Сайып келгенде, бұл мәселелерді шешуге жеке ми­нистрліктердің билігі жетеді. Ал сауалдардың тікелей оларға жолданбауы, истиблишменттегі саяси беделінің төмендігін көрсетеді. Себебі, сауалды жолдаған депутат өз мәселесінің шешілгеніне мүдделі.

Депутаттардың жоғары лауазымды тұлғаларға сауалды көптеп жолдауы тағы бір мәселенің көзін ашады. Демек, үкі­меттегі басшылық құрам саяси жауапкершілікті өзіне алған. Таяқтың екі ұшы болады. Бір жағынан мемлекеттік аппаратта тәртіп болады. Ал басқа жағынан қарайтын болсақ, кез келген сәтсіздік пен сынға басшы тікелей өзі жауап береді.

 

Депутаттар аймақ басшыларымен  жұмысты қолға алмаған

Сауалдардың барлығы дерлік орталық мемлекеттік орган­дарға жолданған. Парламент аймақ басшыларымен мүлдем жұмыс жасамайды. Барлық сауалдардың ішінде тек 4-еуі ғана қала және облыс әкімдеріне жолданған. Оларға ШҚО экс- әкімі Даниал Ахметов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Алма­ты облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жатады. Бір қызы­ғы, бұл депутаттардың өздері сайланған аймақтың мәселе­лерінен хабардар еместігін білдірмейді. Егер олар көтерген мәселелерді қарайтын болсақ, аймақ мә­селелерін Үкімет басшыларына жолдаға­нына көзіміз жетеді. Бұдан тағы бір қоры­тынды шығады. Мәжіліс әкімдіктермен ғана емес, мәслихаттармен де жұмысты жолға қоя алмай келеді.


«Аlmaty-akshamу», №86, 20 шілде, 2023 жыл