Чехиялық компания қазақстандық серіктестермен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Чехиялық компания қазақстандық серіктестермен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті
Сурет: Egemen.kz

Чехиялық инвестор Қазақстанда детонатор шығармақ ниетте.

Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясымен кездесуде Austin Detonator компанияның аймақтық директоры Либор Бартек айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Austin Detonator өкілдерінің айтуынша, қазақстандық нарық компания үшін үлкен қызығушылық тудыруда және өзгерген халықаралық жағдайға байланысты олар ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанда зауыт ашу мүмкіндіктерін қарастыруда. 

«Бізде бұрын қазақстандық компаниялармен жұмыс істеудің табысты тәжірибесі бар. Қазір біз компанияның қазақстандық нарықтағы үлесін арттыруға мүдделі екенімізді білдіреміз. Ынтымақтастығымызды кеңейту үшін зауыт ашуды жоспарлап отырмыз, ол тек қазақстандық нарықты ғана емес, сонымен қатар басқа елдердің нарықтарына экспорттайды», - деді Либор Бартек.

«Сіздердің кәсіпорын өнімдерінің 97 пайызы экспортқа шығарылатынын білеміз. Өндірістерді Қазақстанда орналастыру арқылы сіз тауарды жеткізу тізбегін жақсарта алып және де жаңа нарықтарға шыға алатынына сенімдіміз», -деп атап өтті басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали.

Austin Detonator (Austin Powder Company холдингінің бөлігі) - Еуропадағы өнеркәсіптік жарылыс жұмыстарына арналған детонациялық материалдардың ең ірі өндірушісі. Өнімдер желісі алуан түрлі және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған электрлік/электрлік емес жалпы мақсаттағы детонаторларды, электронды жүйелерді, сондай-ақ детонациялық материалдарды өндіруге арналған компоненттерді: праймерлерді, толқын өткізгіштерді, тұтану бастиектерін және т.б. өндіреді. Austin Europe компаниясының  уропалық аймақта 12 өкілдігі, жалпы саны 1000-нан астам қызметкері бар. Компания бүкіл әлем бойынша өнімдерді жеткізеді және жарылыс, техникалық қолдау және жарылыс жұмыстарын оңтайландыру қызметтерін ұсынады. 

Austin Detonator өкілдерінің сапары KAZAKH INVEST пен Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.