БҰҰ Қазақстан билігінің Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету ұсынысын қолдады

БҰҰ Қазақстан билігінің Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету ұсынысын қолдады
Сурет: News.un.org

Алматыда Кабулға көмектесетін хаб құрылмақ

Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы Қазақстан билігінің ұсынысы БҰҰ тарапынан қолдау тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов хаб құруды ұсынған болатын. Ол жерде Ауғанстанға көрсетілетін халықаралық гуманитарлық көмек сақталып, үлестірілетін болады. 

«Қазақстан бастамасы БҰҰ ресми өкілдерінің алдын ала оң бағасын алды. Бүге-шігесі барлық тараппен келісілгеннен кейін жан-жақты талқыланатын болады», делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің РИА Новости сұрауына жауабында.

Ведомство бұл идея Ауғанстанда гуманитарлық апаттың алдын алу бойынша әлем қауымдастығына қолдау көрсетуге бағытталғанын хабарлады.

«Бұл хаб Ауғанстан экономикасы құлдырауының, босқындар легі артуының және өзге гуманитарлық салдардың алдын алуға сеп болар еді. Ауғанстанға көмек үлестіретін халықаралық орталыққа айнала алады», - деді министрлікте.

Министрлік көлік логистикасы тұсынан да Алматы ыңғайлы орналасқанын атап өтті (ұшақпен Кабулға дейін 3 сағаттан аз). Бұған қоса, транзиттік хаб ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым бар.