БҰҰ Қазақстанның Ұйымның бітімгершілік қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалады

БҰҰ Қазақстанның Ұйымның бітімгершілік қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалады
Сурет: gov.kz

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанға жұмыс сапары аясында БҰҰ Бас хатшысының заң үстемдігі және бейбітшілікті қолдау мәселелері жөніндегі көмекшісі Александр Зуевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы Ұйымның бітімгершілік қызметі бағытындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Қ. Омаров Қазақстанның БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын атап өтті. Қазақстандық әскери контингенттің Ұйымның Ливандағы, Батыс Сахарадағы, Орталық Африка Республикасындағы және Конго Демократиялық Республикасындағы бітімгершілік миссияларына қатысуы туралы хабардар етті.

Қазақстан БҰҰ-мен, оның ішінде БҰҰ-ның бітімгершілік бойынша сертификатталған курстары оқытылатын ҚР ҚМ өңірдегі жалғыз «ҚАЗЦЕНТ» бітімгершілік даярлық орталығының базасында тығыз ынтымақтастықта екенін атап өтті.

А. Зуев Қазақстанның осы бағыттағы үлесін жоғары бағалады, сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына ҚР полиция қызметкерлерінің қатысу мүмкіндігін қоса алғанда, өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етуге дайын екенін білдірді.

Өз сапары аясында А.Зуев ҚР бейінді мемлекеттік органдарымен кездесулер өткізді.