Бүкіләлемдік мұраға енгізілген мұздықтардың еру қаупі жыл өткен сайын артып келеді - ЮНЕСКО

Бүкіләлемдік мұраға енгізілген мұздықтардың еру қаупі  жыл өткен сайын артып келеді - ЮНЕСКО
Сурет: Ulys.kz

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының тізіміндегі мұздықтардың үштен бірі 2050 жылға қарай ериді.

Бұл туралы ұйымның баяндамасында айтылған, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оның авторлары климаттың өзгеруіне қарсы қандай шаралар қолданылса да, Килиманджаро жанартауындағы, Доломиттердегі Альпі тау жүйесіндегі, Пиренейдегі және АҚШ-тағы Йосемит ұлттық саябағындағы мұз массаларын бұдан былай құтқару мүмкін емес деп санайды.

Сонымен қатар, егер жаһандық жылыну көрсеткіші Цельсий бойынша 1,5 градустан аспаса ғана, мұздықтардың қалған үштен екі бөлігін әлі де сақтап қалуға болады.

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының тізіміне барлығы 18 600 мұздық, яғни әлемдегі әрбір оныншы мұздық кіреді. Олардың жалпы ауданы 66 мың шаршы шақырымды құрайды.

ЮНЕСКО мамандары бұл мұздықтар жыл сайын шамамен 58 миллиард тонна су жоғалтатынын ескертеді. Бұл теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеледі, ал мұздықтарды тұщы су көзі ретінде пайдаланатын жергілікті тұрғындар үшін бұл жағдай қиындықтар тудыруы мүмкін.

ЮНЕСКО-ның спутниктік деректерге негізделген баяндамасы Египетте 6-18 қараша аралығында өтетін COP27 Климаттық саммиті қарсаңында жарияланды.