Буллингке қарсы театр: Алматыда «Чучело» қойылымын тамашалауға болады

Буллингке қарсы театр: Алматыда «Чучело» қойылымын тамашалауға болады
Сурет: Ашық дереккөз

Барлық рөлдерді жасөспірімдер орындайды

Алматыда В.Железняковтың балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін баяндайтын «Чучело» пьесасы бойынша қойылымның көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы «Игра» балалар театрының шығармашылық тобы қойылым идеясының қайдан шыққанын және аталған спектакльдегі жұмыстың қалай жүргізілгенін айтып берді.

Қойылымда балалардың да ересектердің де рөлдерін жасөспірім әртістер сомдайды. Театрдың негізін салушылар буллинг тақырыбын өте өзекті деп санап, бірнеше мысал келтірді.

«Біз үшін балаларды қорғау мәселесін көтеру өте маңызды. «Чучело» арқылы біз көрерменге ой саламыз. «Игра» театр мектебінің жетекшісі ретінде менің міндетім – жасөспірімдер мен жастардың осы мәселеге назарын аударту», – деп бөлісті театр және кино актері, «Игра» балалар театры мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі Рауф Хабибуллин.

Спикер бұл қойылымды қою режиссер әрі ұстаз, театр және кино актері Рустам Сафаровтың идеясы екенін атап өтті.

«Бізде жасөспірімдерден жақсы команда жиналды. Жұмыс барысында біз Владимир Железниковтың пьесасын бірге оқыдық. Ол сонау кеңес заманында жазылғанымен, оны оқып, жасөспірімдермен талқылай келе, буллинг мәселесінің бүгінгі күнде де өзекті екеніне көзіміз жетті. Спектакльді алты айда қойдық. Шынымды айтсам, нәтиженің мұншалықты қызық болатынын, әр түрлі жастағы көрермендердің жүрегі мен санасына жететінін күтпедім», – дейді Р.Сафаров.

Спектакль қоюшылары балалар мен жасөспірімдердің мәселелерін солардың тілінде айту керек дейді.

«Барлық рөлдерді – балаларды да, ересектерді де 13-14 жас аралығындағы жасөспірімдер орындайды. Бұл мәселе жасөспірімдердің тілінде айтылса, көрерменге неғұрлым тереңірек және түсінікті жетеді. Материалдың баяғыда жазылғанына, қырық жыл өтіп кеткеніне қарап, біреулерде «неге бұл материалды алып жатырсың?» деген сұрақ туындауы мүмкін, бірден айтайын, біз ештеңені өзгерткен жоқпыз. Оның негізін өзгертпей, әңгімеде қалай жазылса, солай сахналадық. Бұл тақырып сол кезде де, қазіргі таңда да өте өзекті екенін көрсетеді», - деп қосты Р.Сафаров.

Бүгінгі таңда театр психологтармен жұмыс жасауда және мектептептегі жасөспірімдердің, ата-аналардың, мұғалімдердің және т.б. назарын аударуды жоспарлап отыр. Сонымен, қойылымның көрсетілімінде көрермендер арасында балалар психологы, мектептердегі дағдарыстық жағдайларды шешу жөніндегі маман Анастасия Стеблянко болды, ол театрға бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

«Қойлымды көріп, буллингті алдын алудың жақсы тәсілі екенін түсіндім, өйткені қойылым буллингтің қалай басталатынын, құрбаны қандай кезеңдерден өтетінін жақсы көрсетеді. Көбінде буллингтің басты  себебі ішкі, отбасылық мәселелер. Қазір біз «Чучело» спектаклін жасөспірімдерге көрсетіп, бұл мәселені профилактикалық жолмен шешу үшін қаладағы мемлекеттік мектептердің бірімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деп бөлісті ол.

Десек те, бұл қоғамдағы маңызды, әлеуметтік мәселелерді көтеріп отырған театр қорындағы  алғашқы және соңғы қойылым емес. «Игра» театрының көрермендерін ескере отырып, тақырыптар негізінен балалар мен жасөспірімдердің мәселелеріне қатысты. Мамыр айында «Сказки сквозь камни» қойылымының премьерасы күтілуде, онда басты кейіпкерлер үлкендердің көмегінсіз өз мәселелерін шешуге тырысатын жасөспірім қыздар жайлы болады.