Алматыда командалық және ұлттық спорт түрлері бойынша мектеп лигаларының ойындары өтуде

Алматыда командалық және ұлттық спорт түрлері бойынша мектеп лигаларының ойындары өтуде
Сурет: Jasqazaq.kz

2023 жылғы 10 наурызда сағат 10:00-ден бастап қаланың жалпы білім беретін мектептерінде ұлттық спорт түрлері бойынша аудандық ойындар өтеді.

Сондай-ақ 11 наурызда сағат 12:00-де Алматы қаласының жаңадан құрылған мектеп лигалары шеңберінде баскетболдан іріктеу ойыны жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласының әкімі Е. Досаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылдың қаңтар айында спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында командалық спорт түрлері: шағын футбол, баскетбол және волейбол, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері: асық ату, бес асық, арқан тарту, бұқа тарту және қазақ күресі бойынша мектеп лигаларын құрды.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында оқушылар арасында ұлттық спорт түрлері бойынша Наурыз мерекесіне орайластырылған фестиваль басталды. Фестиваль бағдарламасына спорттың 6 түрі (тоғыз құмалақ, асық ату, бес асық, арқан тарту, бұқа тарту, қазақша күрес) бойынша жарыстар кіреді. Спорттық іс-шараға 214 мектептен 7 600-ден астам оқушы тартылды. Қазіргі уақытта аудандық деңгейдегі ойындар өтуде. Финалдық кезең 2023 жылдың 21 наурызында "Астана" алаңында өтеді.