«Бозторғайым» деген үнiн сағынып жүрмiн

Марал Бағланова:

«Бозторғайым» деген үнiн сағынып жүрмiн

Атақты әншiнiң «Самалдағы» үйiне келгенiмiзде, подъезден Роза Бағланованың әдемi жұпар исi аңқып қоя бердi. «Роза Бағланова жүрген жерден француз иiссуының исi шығады» деген сөз расқа шықты.

– Марал, атақты кiсiге келiн болудың өзi үлкен сын. Отбасы, өздерiңiз үшiн ол кiсiнiң орны тiптi өзгеше ғой…

– Ең алғашқы босағадан аттаған сәтiмнен менi бауырына басып, ардақты анам болған жаннан айырылу маған оңайға түскен жоқ. Ол кiсi маған ене ғана емес, ана да болып едi. Әлi күнге түс көргендей өң мен түстiң арасында жүрмiн. Халықтың еркесi, сандуғашы атанған жанға кездестiрген тағдырыма ризамын. Келiн болып түскенiмде менiң қолымнан үй жинағаннан басқа еш шаруа келмейтiн. Жасым жиырма бiрде болса да тамақ пiсiре бiлмеушi едiм. Өз үйiмде жүргенде көбiне мен гүл өсiрiп, есiк алдын сыпыру сияқты даланың шаруасын ғана тындыратынмын. Келiн болып түскен соң маған барлығын қайтадан бастауға тура келдi. Өйткенi, өз анам мен бес жасқа келгенде қайтыс болды да, нағыз ананың ақыл-кеңесi қажет кезде мен әкемнiң, ата-әжемнiң тәрбиесiнде өстiм. Ол кiсiлерге де рахмет. Қолдарынан келгенше менен еш аянып қалмады. Жоғары бiлiм бердi.

Сол жолы мамамның (Роза Бағланова дегенi) шыдамдылығына таң қалдым. Маған көп нәрсе үйреттi. Iштей «жұрт ерке деушi едi, қай жерi ерке» деп қоямын. Ұлы Тәженнiң еркелiгiне мен қосылдым. Бiздi ол кiсi қатты еркелеттi. Өзiнiң еркелiгi жайына қалды. Үнемi бiздi «Ақтәженiм», «Бозторғайым», «Алтынсақам», «Ақмаржаным» деп асты-үстiмiзге түсетiн. Мамамның жүрегiнiң кеңдiгi соншалық, барлық кiсiге орын табылатын. Сырттайғы кiсiлер «атақты кiсi, тәкаппар» – деуi мүмкiн. Бiрақ ол кiсi өте қарапайым жан болатын. Әсiресе, үлкен немересi Тәжiбайды ерекше жақсы көрдi. Ырымдап әкесiнiң атын өзi қойып едi. Болашағынан зор үмiт күтетiн. Атасы сияқты 7 тiл бiлсе деп арман етiп, «Роза Бағланованың немерелерi» деген атқа сай болса деп үнемi ақыл-кеңес айтып отыратын.

Әлi есiмде Тәжiбайды босанып үйге келдiм. Сондағы мамамның қуанғанын көрсеңiз. Түнгi сағат үш болсын, төрт болсын баланың қыңқ еткен үнi шықса болды бiздiң бөлмемiзге келiп, «не болып қалды?» деп жаны қалмайтын. «Түн ұйқысын төрт бөлген, түнде бесiк таянған» деген осы шығар. Кейде бiзге «сендер дұрыстап жатқыза бiлмейсiңдер» деп баланы өз бөлмесiне апарып, қасына алып жататын. Сенсеңiз, он жыл iшiнде баланың шуылынан, айқайынан шаршадым дегенiн естiген емеспiн. Соңғы жылдары ауырып жүргенде де балалардың күлкiсi, даусы құлағыма жағып, рахаттанып жатырмын деушi едi. Бiрде үйге балалардың көршi достары келдi. Мамам ыдысты толтырып кәмпит, печенье салды да, алдымен өзi әдемi киiнiп, боянып балалардың барлығына үлестiрiп шықты. Балалардың жапа-тармағай «рахмет, әже» деген сөзiне қатты риза болып, сүйсiнiп көп уақыт қарап тұрды. Өте балажан кiсi едi ғой.

– Апай өте талғампаз кiсi ғой. Дегенмен ол кiсi қандай тағамдарды сүйсiнiп жеушi едi?

– Ол кiсi кеткелi төрт бейсенбiлiк жасадық. Әр бейсенбiде сүйсiнiп жейтiн тағамдарын әзiрледiм. Мамам екеумiз жұма сайын әруақтарға арнап, Ақ күрiш әжеге деп шелпек пiсiретiнбiз. Өзi дұға оқып, шәй iшетiнбiз. Сонда мамам ыстық шелпектiң ортасына сары май жағып жегендi ұнататын. Жылқының жас етiнен жасаған қуырдақ та ұнайтын едi. Мамам палауды керемет дәмдi етiп әзiрлейтiн. Ол кiсi палау жасағанда иiсi бүкiл ауланы алып кететiн. Маған палау пiсiрудiң қыр-сырын үйретiп кеттi. Жолдасым палауымды «тура мамам пiсiрген сияқты» деп мақтап отырады. Ет асқанда мен жайған қамырды ғана ұнататын. Дәмдi тұшпараны, сорпасымен iшкендi ұнатушы едi. Мәнтiнiң кез-келгенiн жей бермейтiн. Үнемi «iшiнде құйрық майы, пиязы мол болсын, сөлi тамып тұруы керек. Әрi мiндеттi түрде өрiлген болуы керек, адам сүйсiнiп жеу керек қой», – деп отыратын.

Науқасына байланысты көп тағамдардан бас тартуға тура келдi. Менiң жемiс-жидек қосып пiсiрген пирогымды аса сүйсiнiп жейтiн едi.

Бiрде кiшкене бөлiгiн кесiп, «бүгiн қантыңыз дұрыс екен, аздап жесеңiз болады. Ертеңнен бастап диета» дедiм. Кiшкене балаша қуанып, «дәрiгерлер сенен артық бiлушi ме едi» дегенi бар. Сосын қыздарға «бозторғайға бiлдiрмей тағы бiр кесегiн әкелiп берiңдер» дептi.

– Ол кiсi көрiпкел, ерекше қасиеттi кiсi болды ғой. Түсiңiзге кiрмедi ме?

– Кейде «түс бiрдеңе айтады» деп жатады ғой. Мамам дүниеден озарда түс көрдiм. Түсiмде мамамды шомылдырып жатыр екенмiн деймiн. Ол кiсi су-су қолымен басымнан сипап жатыр. Неге екенiн қайдам тек аяғын, табанын ғана жуып жатырмын. Оянып кеттiм. Дереу ауруханаға хабарластым. Ол жақтағы кiсiлер «бәрi жақсы, уайымдама» дедi. сол күнi мамам реанимацияға түстi. Таңғы алтыларда жүрегiтоқтады. Кiм бiледi мамам өзiнiң уақытының жақындағанын сездi ме екен, маған екi күнде бiр рет «қағаз-қаламды әкел де жаз, менiң тасыма былай деп жазыңдар. Жыртысқа жыртатын матасын қазiрден ала бер. Ертең үлгере алмай қаласың. Кiлемдi алдың ба?» дейтiн.

Кiм анасын өлiмге қисын. «Мама, қайдағыны айтпаңызшы. Ертең-ақ жақсы болып кетесiз», – дейтiнмiн. «Әлi баласың, көп нәрсенi түсiнбейсiң ғой» дейтiн. «Сәл-сәл қулау болсаңшы, тым аңқаусың. Аузыңды ашсаң жүрегiң көрiнедi. Бұлай тым ақкөңiл болуға болмайды» деушi едi. Жақында мамамды түсiмде көрдiм. Үйдi жиыстырып жүр екенмiн, бiр кезде «бозторғай» деген мамамның биязы, жұп-жұмсақ даусын естiдiм. Қуанып кетiп қарасам, мамам тұр екен. Тура өңiмдегiдей. Үстiнде күлгiн көйлегi, медальдарын тағып алған. Жүгiрiп барып құшақтай алдым. Менi бауырына қысып сүйiп жатыр, сүйiп жатыр. Кейде оңашада менi бауырына қысып көзiмнен, мұрнымнан шөлпiлдетiп сүйетiн. Тура менi өзi туғандай емiренiп кететiн. Түсiмде де дәл солай сүйiп жатыр. Арасында «әбден шаршадың ғой, көп жылай берме» деп қояды. Мен кетпеңiзшi деп қоямын. Қазiр келемiн дедi де ғайып болды. Мамамды түсiмде көргенiмнiң өзiне мәз болып қуандым. Ұйқымнан сергек ояндым. Сол күнi көңiлiм өсiп, жеңiлдеп қалдым.

– Роза Бағланова ұлы үйленгенде келiнiн әкелуге өзi барыпты деушi едi. Сол рас па?

– Иә, мамамның өзi бастап барған. Ауыл ақсақалдары, әкiмшiлiктегiлер «шынымен Бағланованың өзi келе жатыр ма?» деп қайта-қайта сұрайды. Сонымен үш машинаға мiнген құдалар да келдi. Алдыңғы машинадан түскен мамам «Кәне, менiң құдам қайда?» дедi. Әкем өзi пiр тұтатын атақты әншiге қарай жүрдi де, құшақтай алды. Екеуi бiр-бiрiн құшақтап, ұзақ жылады. Әкем «апа, сiздi де көретiн күн болады екен-ау» десе, мамам «Ендi екеумiз мәңгiлiкпiз, мың жылдық құдамыз» деген едi. Әкем Тәженмен ұзақ сөйлестi. Жалпы, менiң әкем өте салмақты, қатал кiсi. Тәженмен сөз байласып, отау құрмақ ниетiмiздiң барын сездiргенiмде «Ол атақты кiсi, бiз қарапайым отбасымыз. Ол кiсi бiздiң тiршiлiгiмiздi менсiне қояр ма екен» деп салы суға кетiп уайымдаған едi. Мен, «папа, ол кiсi өте қарапайым, көресiз ғой» дегенмiн. Шынында солай болды. Әкем бұрын «егер күйеу балам ойымнан шықпаса сенiмен араласпаймын. Ойымдағыдай болса батамды беремiн» дейтiн. Содан «Енең де, күйеу бала да ойымнан шықты», – деп маңдайымнан сүйiп, батасын бердi. Кейде құрбы-қыздарым енелерiн сөз қылғанда қайран қаламын. Ене мен келiн туралы көбiне жағымсыз әңгiмелердi ғана естисiң. Ал шын мәнiнде келiн үшiн ең жақын адам ене болуы керек. Енеге де, келiнге де көп нәрсе байланысты. Келiн де бiр үйдiң еркесi болған бала. Бөтен үйге келiп, үйренiсiп кету оңай емес. Үркiтiп алмау керек қой. Ал менiң мамамдай енеге келiн болу екiнiң бiрiне бұйыра бермейтiн шығар.

Тәженге «Сен Маралды ренжiтпе, әрбiр мерекеде гүл сыйлағанды әдетке айналдыр, екеуiң тату-тәттi болыңдар» деп отыратын. Бiр мерекеде «Маралға әкелген гүлiң қайда? Өй, осы сен не деген жiгiтсiң» деп ұялтып тастағаны бар.

– Роза апай өмiрiнiң соңғы уақытында өзiн қалай сезiндi?

– Мен бұрын ырым дегенге, анау-мынауға көп сене бермеушi едiм. Мамам өмiрiнiң соңғы уақытында «түсiме шешем кiрдi, үлкен аталарымды көрдiм» деп жиi айтатын болды. Тiптi, күндiздiң өзiнде көзi iлiнiп кетсе, «екi аппақ киiм киген ата бас жағыма келiп тұрды» дейтiн Бiз ондайда шошып кетiп, ешкiм жоқ қой дейтiнбiз. Сосын «Мен айтқан заттарды алдың ба?» деп қайта-қайта тексере бастайтын.

Соңғы рет ауруханаға түсетiн жолы таңертеңгiлiк ас iшiп отырғанда «Мен өмiрiме еш өкiнбеймiн. Халқыма еңбегiм сiңдi. Халқым менi алақанына салып, аялады. Менде бәрi болды. Арманым жоқ. Тек сендердi қимаймын, немерелерiмдi қимаймын» дедi мұңайып. «Ертең менiң көзiм кеткенде жылай бермей, өзiңе берiк бол. Егер үйде жатып о дүниеге жүрiп кетсем, айқайлап жылап балаларды қорқытып алма. Шошымалы болып қалады. Сабырлы бол» дедi. Сосын:

– Сен жәй адамның келiнi емес екенiңдi ұмытпа. Менiң көзiм кетiсiмен талай шуылдақ мен туралы әр түрлi өсек-аяңды бықсытатыны шындық. Ондайларға ренжiп жүйкеңдi жұқартпа. Қайтесiң, менiң кiм екенiмдi сен бiлесiң ғой. Ал әлгiлердi Алла-Тағала өз орнына қояды. Достың кiм, дұшпанның кiм екенiн сонда танитын боласың, – деген едi.

Мен iштей қорқып қалсам да бiлдiрмей мамамның көңiлiн аулап «Мама, сiздiң 100-ге келген, менiң 40-қа келген тойымды жасаймыз. Сiз былай төрде отырасыз» деп көрсетiп қоямын. «Қайдағы, менi қаусатып төрге отарғызбақшысың ба?» дедi. «Мен кеткенде қалай өмiр сүресiңдер. Сендердi қимаймын» дегенде екеумiз құшақтасып алып ұзақ ағыл-тегiл жылаған едiк.

– Аузы дуалы бiр кiсi айтқан «Марал келiн апайға қарау үшiн арнайы үй күтушiсiн ұстады» деген сөздi өз аузыңнан естiсек деймiн…

– Алғашында бiр кiсiлердiң үй шаруасы бiр кiсiден артылмасы анық. «Мамаңа өзiң-ақ қарамайсың ба, ақша шығарып қайтесiң» – деген едi. Мен «ол кiсiнi бiр сәт көзден таса етуге болмайды. Ал қаржы мәселесiне келсек, ол кiсiнiң өз ақшасы өзiне жетедi» – дегенмiн. Шынында мен кейде дүкенге, балалардың мектебiне, дәрiханаға шығып кетемiн, ондайда мамамды «қараусыз қалдыруға болмайды ғой. Мамам жатып қалғанда бөлмесiне күнiне 5-6 рет бас сұғамын. Аяғын сипап-сипап шығып кетемiн. Сонда мамам әлгi келген бозторғай ма, оның қолын сезiп қойдым ғой, қолы ерекше» дейтiн көрiнедi. Көзi жұмулы жатқанымен бәрiн сезiп жатыпты. Кейде «бозторғай» деген дауыс шыққандай болады. Дереу мамамның бөлмесiне жетiп барамын. Ендi келмесiн бiлсем де сенгiм келмейдi.

– «Роза апай өмiрiнiң соңына дейiн сахнаға шығатындай сәндi келбетiн жоғалтпай кеттi. Тiптi, тырнағының бояуы да сол күйiнде екен» дейдi көргендер…

– Иә, мамам үйде жүргеннiң өзiнде сәнденiп киiнiп, айнаның алдында ұзақ отыратын. Сырттай бақылап жүремiн, қасына жетiп баруға қысылатынмын. Кейiн ол кiсi бiр жыл төсек тартып жатып қалғанда мен бетiне, қолына иiсмайларды жағып, белгiлi бiр уақытта қол-аяғына манекюр-педикюр жасайтын қыздарды шақыратынмын. Сосын мамамды өзiм суға шомылдыратынмын. Сонда мамам «Жаным, барлығын қалай байқап жүргенсiң, менiң күндiз қандай, түнде қандай иiсмай жағатыныма дейiн аңғарыпсың» деп разы болғаны бар.

Мамама көйлек, кастюм тiктiретiн маталарды дүкеннен өзiм таңдап әкелетiнмiн. Ол кiсi өзi қарап шығады да «Сен менiң талғамымды дұрыс таңдапсың» деп қуанып қалатын. Осы жылғы жаңа жылға сыйлық ретiнде әрi көңiлi жаңарсын деп күлгiн түстi костюм тiктiрдiм. Мамамның жеке тiгiншiсi, бар, сол кiсiге бұрынғы костюмын алып бардым. Өте шебер тiгiншi мамамның қазiргi дене пiшiнiне лайықтап, денесiне қонымды етiп, әдемi тiктi. Соңғы тiккiзген киiмi де осы болды. Әйтпесе, ол кiсi екi ай сайын мiндеттi түрде бiр киiм тiккiзетiн. Кiшкене тола бастаса, «что-то поправляюсь, ты меня откармливаешь» – дейтiн. Үйде бойын түзеп, сәнденiп қонаққа баратындай киiнiп жүретiн. Және менен де осыны талап ететiн. Немерелерi мектептен келетiн кезде оларды қарсы алу үшiн үйдiң iшiне де мiндеттi түрде француз иiссуын сеуiп шығатын. Қазiр немерелерi «әжемнiң иiсiн сағындық» деп жылайтын болып жүр.  Мамам «Поломпикассо» деген француз иiссуын ұнататын. Соңғы рет ауруханаға түсерiнде «Мына иiссуды ауыстыру керек шығар. Иiсiнен жалығайын дедiм. «Диор», «Кристиан диордың» иiстерi жақсылары болушы едi» дедi. Мен «Жарайды, «Француз үйiнен» бiрнеше түрiн әкелейiн, қалағаныңызды таңдаңыз» дедiм. Бiрақ үлгере алмадым.

– Ана балаға сыншы деген, балалардың өнер жолын таңдағандары бар ма?

– Екеуi де ән айтады. Үйде олар ән айтқанда апалары тыңдап отыратын. Кейде өзi де қосылып қояды. Қазiр Маржан музыка мектебiнiң фортепиано класына барып жүр. Өткен жолы «Әже, мен қазiр сiзге бiр шығарманы ойнап берейiншi» – дедi. Мамам тыңдап болды да, «У нее слух есть. Өнер жолын, менiң iзiмдi қуайын деп тұр ғой. Бiрақ байқа, өнер жолы оңай емес», – дедi. Мамамның дыбыс студиясына барып, балалар ән салып, дауыс жаздырады. Үйде мамам үнемi балалардың дауысы жазылған дискiнi қойып тыңдап отыратын. Мамам көбiне өзi туралы ертеректе түсiрiлген «Бiрiншi Роза» деген фильмдi тамашалғанды ұнататын. Соны көрiп жылап отыратын. Арасында «Какая красивая была Роза. Ничего была» деп қоятын.

– Танымал кiсiлер көпшiлiк орынға жиi бара бермейдi. Бара қалған жағдайда суретке түсушiлер, қолтаңба дегендей… Роза апай дүкенге барушы ма едi?

– Мамама далаға шығудың өзi бiр мұң болатын. Шыға қалса көпшiлiк қаумалап алатын. Сондайда мамам «Құдай-ай, әйел құсап дүкен де аралай алмадым-ау» деп күйiп-пiсетiн. Бiрде жеке жүргiзушiмен мамамды көк базарға алып бардым. Кiрген бетте бiреулер қолын алып амандасып, ендi бiреулер тiлегiн жеткiзiп жiбермей қойды.

Азық-түлiк алғалы сөрелердi аралай бастағанымыз сол едi сатушылар «Апа, үйiңiзге барып шәй iшiңiз» деп өрiк-мейiз, жемiс-жидектi үйiп тастады. Өзiмiздiң бар алғанымыз екi-үш келi қызанақ пен қара уылдырық қана. Қалғанының барлығын мамамның тыңдаушылары үйiп-төгiп тастады. «Мама, базарға сiзбен бару керек екен ғой» деп қоямын.

– Ой, бозторғайым-ау, мен бiр рет дүкен аралаймын деп сiлем қатып, шаршап қалдым. Сен ғой күнара базарға келесiң. Шықпай жүрген жаның екен, – дедi.

Менi МАЙ қызметкерi тоқтатын кездер болып тұрады. Куәлiгiмдi көрген бетте «Сiз Роза апаның қызысыз ба?» деп сұрайды. «Ұқсайды екенсiз. Апаның жағдайы қалай. Сәлем айтыңыз» деп талай рет жiбере салған жағдайлар болды.

– Роза апай үйде ән айтушы ма едi?

– Бiрде Маржанға қосылып ән айтқан. Әжесiне еркелеген Маржан, тiптi, төсектiң үстiне шығып алды. Әжесi екеуi ұмар-жұмар алысып жатыр. Мен Маржанға «әженiң бiр жерiн ауыртып қоярсың» десем мамамның «Бақыт деген осы ғой» дегенi бар.

– Апайдың мiнезi қандай едi?

– Ол кiсi үйде үнемi өзiн ашық-жарқын ұстайтын. Қатты сөйлеу, шу көтеру деген бiздiң отбасымызда болған емес. Тiптi мұғалiмдердiң өзi «Кейде сыныптағы шуды көтере алмай, балаңыз «басым ауырды» деп отырады» дейдi.

Менен қателiк кетiп, бiр нәрсенi дұрыс iстемесем мамам жаныма келiп жаймен ғана «Бозторғай, мына жерiң маған ұнамады. Келесi жолы бұлай iстеме» – дейтiн. Мен «жарайды» деп басымды изеймiн. Ол кiсi «Сенiң орныңда басқа бiреу болса сөз қайтарып, бұлқан-талқан болар едi. Сен әйтеуiр үндемей, жарайды деп құтыласың» деп күлетiн. Мамамның биязы күлкiсiн, бiздi еркелеткен сәттерiн, жылы жүзiн бәрiн-бәрiн сағынып жүрмiн.

Қайғы айтып келмейдi. Бiздiң отбасымыздың қайғысын бiрлесе көтерген Елбасына, қалың тыңдаушыларына, Астана мен Алматы қаласы Әкiмдерiне, Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкiмшiлiгiне бұқаралық-ақпарат құралдары өкiлдерiне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгiмелескен – Рая ЕСКЕНДIР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *