«Бойдақтар күні» тойланады

«Бойдақтар күні» тойланады
Сурет: Ferra.ru

Әлемде жалғызбасты адамдар қатары көбейіп барады  - 2 миллиард 100 млн адам жалғыз тұрады.

Бойдақтардың 89 пайызы жігіт не қызбен кездесуге ұялады екен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Forbes журналы АҚШ-та 1 мыңнан астам отбасылы және бойдақ адамдар арасында қаржылық жағдайға байланысты арнайы сауалнама жүргізді.

Forbes сауалнамасы: - Бойдақтардың 93% жалғыздықтың қаржылай ауыртпалығын мойындайды - Бойдақтардың 35% шығынды ата-анасы, бауырлары немесе бірге тұратын адаммен бөліседі - Бойдақтардың 33% «бақай есеп» қарым-қатынасты ұзақ сақтағысы келеді - Үйленгендердің 76% - отбасы құрғалы берекесі кіре бастаған.

Германияда «Бойдақтар салығы» бар.

Бірақ дәл олай аталмайды. Бұл елде ұсталатын салық 2 нәрсеге байланысты. Біріншісі - табыс көлемі, екіншісі - балаңыздың болғанына немесе болмағанына байланысты. Германияда салық жүйесінің 6 санаты бар. Бірінші санатқа бойдақтар, ажырасқандар, жалғыз қалғанына 2 жыл өткен жесірлер жатады. Олар жылдық табысының 28 пайызын салық ретінде төлейді. Бірақ жылдық табыс 9 мың еуродан асуға тиіс. Егер балаңыз болып, оны жалғыз тәрбиелеп отырсаңыз, онда автоматты түрде бірден 2 санатқа өтіп, керісінше үкіметтен жәрдемақы аласыз. Ал отбасыңыз, балаңыз болмай, бірақ жылдық табысыңыз 60 мың еуродан жоғары болса, онда кірісіңіздің жартысын салыққа бересіз.

Америкалықтардың 40%-ы жалғыз тұрады Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тағы ересек тұрғындардың 40 пайызы жалғыз тұрады әрі олардың мұны өзгерткісі жоқ. 1990 жылы елдегі бойдақтардың үлесі 29 пайыз болған. Яғни кейінгі 34 жылдың ішінде жалғызілікті үлкен адамдардың қатары 30 пайызға өскен.

Жапонияда масыл бойдақ көп

Жапонияда үйленбеген адамдарды «парасайто сингуру» деп атайды екен. Қазақша мағынасы – «қубас». «Парасайто сингуру» терминін алғаш 1999 жылы Токио университетінің әлеуметтанушы профессоры Масахиро Ямада енгізген. Ғалымның зерттеуінше, үйленбеген жапон жігіттерінің 60 пайызы, ал тұрмысқа шықпаған кәрі қыздардың 80 пайызы ата-анасымен тұрады. 2002 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Жапонияда әке-шешесіне масыл 10 миллион бойдақ тіркелген.

Қытайда «Бойдақтар күні» тойланады

Естімеген елде көп. Отбасы құрмағандарды ерекше аялайтын ел Қытай секілді. Көрші мемлекетте «Бойдақтар күні» бар. Ол он бірінші айдың он бірінде тойланады. Күн мен айдың бірыңғай «бір» саны болып таңдалуында да сыр бар екен. Нумерологияға қатты сенетін Қытайда төрт «бір» бойдақ дегенді білдіреді және «бір» ештеңесі жоқ таяқшаға ұқсайды. 

Америкалық демограф Николас Эберштадт «Демографияның болашағы» атты кітабында 2030 жылға қарай 30-40 жастағы қытай жігіттерінің 30 пайызға жуығы бойдақ болатынын айтады. Ғалым «Бұл үлкен дағдарысқа» әкеледі деп болжайды.

Атам қазақ «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген мақалды тегіннен тегін айтпаса керек. Дейтұрғанмен, бойдақтар мәселесі біздің елде де бар. Елде сүрленген бойдақтар мен кәрі қыздар көбейген. Сәйкесінше, некеге тұру жағы да кемшін. Он жыл бұрын жылына 160 мыңнан аса отбасы шаңырақ көтерсе, қазір ол көрсеткіш 40 мыңға аз. Бойдақтардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады.