Бірлескен іс-шара Түркі мемле­кет­терінің өзара ынтымақтастығын дамытуға серпін береді

Бірлескен іс-шара Түркі мемле­кет­терінің өзара ынтымақтастығын дамытуға серпін береді
Сурет: Қайрат Қоныспаев

 Алматыда Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Еліміздің әр аймағы мен Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Бельгия, Британия, Нидерланд елдерінің БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің оқытушылары қатысты.

Форум алдында гала-банкет ұйымдастырылып, «Еркін сөз – 2023» және «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз» шығармашылық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» номинациясын Гүлнәр Тайжан, «Үздік мақала» номинациясын Құндыз Қабылденова, «Сайттағы үздік мақала» номинациясын «Айқын» сайтының тілшісі Жадыра Мүсілім иеленді. Сондай ақ Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы сыйлықпен Әділет Қанат, Айнұр Сыдықова атындағы арнайы сыйлықпен Қалқаман Нұрлыхан, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықпен Алтынай Жетпісбаева марапатталды. Ал әлеуметтік саланы дамытуға үлес қосып жүрген жобаларды елге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Әлеумет – Қоғам айнасы» байқауынан жеңімпаз атанған үш журналист Қалмұрат Дәулетбаев – 3 орын,  Ақбота Мұсабек – 2 орын, Эльмира Жүрсінбекқызы 1 орынды иеленді.

Форумда отандық және шетелдік медиа сарапшылар Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы, кәсіби этика, құқық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, контентті монетизациялау мәселелері, жасанды интеллект трендтері мен оны медиа кеңістікте қолдану тақырыбы талқыланып, тренинг өткізілді

Форум аясында «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбы бойынша медиатренер Жания Бисенова жан-жақты түсіндіріп, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Семинар тренниг барысында қатысушылар бір-бірімен қызу пікір алмасты. Әсіресе, «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» тақырыбында қатысушылар жан-жақты пікір айтып тартысты болды. XXI ғасырдың өте өзекті мәселесі «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» тақырыбын сөз еткен медиатренер Мейіржан Әуелханұлы тың ойларымен көпшілікті тәнті етті. Семинар-тренинг барысында бүгінгі күні танымал, әрі сұранысқа ие технология – жасанды интеллектпен жұмыс істеу, тәжірибеге енгізуді үйренді.

«Медиафорумда біз Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолдарын қарастырып отырып, ортақ жобалар жасауды кеңесеміз. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау, оларды бір-біріне жақындастыру.  Өкінішке қарай, 70 жылға жуық  үстемдік құрған Кеңестер Одағы бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз», – деді «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы.

Белгиялық журналист Юсуф Джиналдың пікірінше, Түркі мемлекеттерінің БАҚ-тарында бірлесіп жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Мәселен, бауырлас елдер медиа нарығына қажетті  кадрларды даярлап, тәжірибе алмаса алады деп есептейді. 

«Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар сонымен қатар ақпарат жеткізушілер де болатын. Біз журналистер ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етеміз. Өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі Түркі мемлекеттері үшін жүрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте ол үшін өзіміздің қарым қабілетіміз бен білім біліктілігімізді біріктіруіміз қажет. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай аламыз. Алдағы уақытта Түркі тілдес журналистері қорымен бірлесіп Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», – деді белгиялық журналист  Юсуф Джинал.