Былтыр жылдамдық режимін бұзудың 3,1 млн астам дерегі анықталды

Былтыр жылдамдық режимін бұзудың 3,1 млн астам дерегі анықталды
Сурет: Astananalog.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Өткен жылы ішкі істер органдары жылдамдық режимін бұзудың 3,1 млн астам дерегін анықтады. Жаяу жүргіншілер жол берген 280 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұзушылықты тіркеудің автоматты жүйелері (бұдан әрі – БТАЖ) өзінің тиімділігін дәлелдеді. Жолдарда барлығы 18 мыңнан астам БТАЖ орнатылды. Оның көмегімен өткен жылы 5 млн бұзушылық анықталып, мемлекет бюджетіне айыппұл түрінде 33 млрд теңге түсті», - деп атап өтті бірінші вице-премьер жауабында.

Оның дерегінше, халықаралық оң тәжірибені ескере отырып, бірқатар өңірде патрульдік автомобильдерді заманауи зияткерлік кешендермен жарақтандыру тәжірибесі енгізілді. БТАЖ желісін дамыту аясында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы әзірленді. Онда «Сергек» жүйесінің камералары мен Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері интеграцияланған.

«Бұл нақты уақыт режимінде техникалық тексеруден өтпеген, сақтандыру полисінсіз пайдаланылатын, бағдарлары бойынша іздестірілетін және жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланатын автомобильдерді анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мұндай мобильдік қосымшалар еліміздің барлық өңірінде одан әрі таратыла отырып, 11 қалада (Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан, Өскемен, Петропавл, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау және Орал) енгізілді», - деді Роман Скляр.