Билеуші партия ұлттық мүддені қорғай ала ма?

Билеуші партия ұлттық мүддені қорғай ала ма?
anna-news.info

15 қазанда Польшада Парламент сайлауы өтеді. Онда Польшаның Ұлттық Жиналысының 560 депутаты сайланады. Оның ішінде 460 депутат Парламенттің төменгі палатасы Сеймге, ал 100 депутат жоғарғы палата Сенатқа сайланбақ. Қазір саяси бәйгенің ең қызған тұсы. Әсіресе, Сеймге сайлау маңызды. Билеуші партия атануға «Заң және әділдік» және «Азаматтық платформа» әрекет етуде. «Заң және әділдік» партиясы 2015 жылдан бергі билігін ешкімге бергісі жоқ. Билік Еуропадағы геосаяси шиеленістен туындаған миграциялық дағдарысты негізгі саяси технология ретінде пайдаланып отыр. Осыдан бұл олардың жеке мүддесі ме, әлде ұлттық мүдде ме деген сұрақ туады...

МИГРАЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Польшада соңғы 1 жылда күр­делі саяси жағдай байқалады. Еу­ропадағы геосаяси шиеленіс пен биылғы саяси науқанның қатар ке­луін басты себеп деп атауға бола­ды. Көршілес аймақта геосаяси жағдайдан соң Еуропада ішкі миг­рация көлемі артты. Бұл Польшаға да әсер етті. Өткен жылы еңбек мигранттарының саны 2021 жыл­мен салыстырғанда, 27%-ға өскен. Мұндай мәліметті елдің негізгі статистикалық басқармасы келтір­ген. Басқарманың мәліметіне сү­йенсек, өткен жылы ресми түрде 1 млн-нан астам шетелдік азамат заңды жұмыс істеген.

Бұл жағдай билікті алаңдатары сөзсіз. Себебі, елде халықтың жал­пы мигранттарға деген көзқарасы өзгерген. Польша 2004 жылдың 1 мамырынан бастап Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі атан­ды. Ал онда миграциялық үрдіс­терді реттейтін жекелеген заңнама бар. Бұл босқындарға да қатысты мәселе. 2011 жылы «Араб көктемі» деп аталатын араб елдеріндегі саяси дағдарыстар болды. Оның нәти­жесінде босқындар саны артты. Олардың басым көпшілігі жайлы, қауіпсіз мекен іздеп Еуропа елдерін паналады. ЕО мүшесі ретінде Поль­ша да босқындарды өз аумағына енгізуге тиіс еді. Уақыт өте келе польшалықтардың сырттан келетін мигранттарға көзқарасы өзгерген көрінеді.

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Билеуші «Заң және әділдік» партиясы миграцияға деген халық­тың көзқарасын биылғы сайлауда жеңіске жету үшін қолданып отыр. Ол үшін сыртқы саясатта батыл қадамдар жасауда. Бұл қадамдар кей жағдайда ЕО-тың мүддесіне де қайшы келеді.

Билеуші партия халықтың сырттай миграцияға көзқарасы өз­гергенін біліп, парламентте сайлау­мен бір уақытта бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Рефе­рендумда 4 сұрақ болады:

  • Шетелдік ұйымдарға мемле­кеттік активтерді сатуды қолдайсыз ба?
  • Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 67-ге ұзартуды қол­дайсыз ба?
  • Польша мен Беларусь шекара­сындағы кедергіні алып тас­тауды қолдайсыз ба?
  • Таяу Шығыс және Африкадан келетін мыңдаған заңсыз миг­ранттарды қабылдауды қол­дайсыз ба?

Одан бөлек, былтыр Еуропада геосаяси жағдай шиеленіскен соң, бидай дауы пайда болды. Украина бидайды экспорттайтын ел ретінде Еуропаға көлік-логистикалық тұр­ғыдан тәуелді бола түсті. Ішкі Еу­ропаға экспорттың басым бөлігі Польша арқылы өтетін. Былтыр Украинадан келетін бидай кө­лемінің артып, Польша, Словакия және Мажарстанның шаруалары­ның өнімдерінің бағасы түсіп кетті. Тарыққан шаруалар наразы бола түсіп, билікке өздерін қорғау керек екенін айтып шағымдана бастады. Бұл наразылықтардан соң ЕО биыл 16 наурыздан 15 қыркүйекке дейін Украинадан келетін бидай импор­тына тыйым салуға мәжбүр болды. Бұл тыйымның ресми күші жойыл­ғанымен, Польша билігі Украина­ның бидайын өз аумағынан өткізу­ге асығар еме с. Себебі, алда парламент сайлауы. «Заң және әділдік» партиясына шаруалардың қолдауы қажет.

Осылайша билеуші партия ұлт­тық мүддені қорғауды сайлауалды бағдарлама ретінде алып отыр. Жо­ғарыдағы референдумда қойылатын 4 сұраққа халықтың басым көпшілігі өздері ойлағандай жауап беретініне сенеді. Мемлекеттік активтерді ше­телдік ұйымдарға сатуды, зейнет жасын ұзартуды, екі ел арасындағы кедергілерді алуды және заңсыз мигранттарды қабылдауды халық­тың қолдамайтыны сөзсіз. Қала берді, биліктің өз экономикасын протекционисттік жолмен қорғауы «Заң және әділдік» партиясына қо­сымша ұпай алып келмек. Мұның бәрі халықтың ұлтшылдық сезімін қолдануға негізделген саяси техно­логиялар. Олардың бұл әрекеттерін оппозициялық «Азаматтық плат­форма» сынға алуда.

ПАРЛАМЕНТ ҮСТЕМДІГІ

Польша парламенттік респуб­лика. Саяси жүйеде заң шығарушы органның орны ерекше. Парла­менттік республикаға жету жолы оңай бола қойған жоқ.

Польшаның қазіргі заманғы тарихы 1918 жылдың 11 қарашасы­нан бастау алады. Сол жылы Поль­ша республикасы құрылды. Араға жыл салып 20 ақпанда республика­ның алғашқы конституциясы қа­былданды. Құжатты «Кіші Консти­туция» деп те атайды. Онда елдің басқару формасы ретінде парла­менттік республика танылды. Осы кезден бастап Польша парла­ментінің тарихы басталды.

Алайда, одан кейін сыртқы және ішкі саяси жағдайларға бай­ланысты парламенттің ықпалы бі­ресе төмендеп, біресе артып отыр­ды. Оған президент лауазымын енгізу әсер етті. 1921 жылы Поль­шаның жаңа конституциясы қабыл­данып, президент лауазымы 1922 жылы енгізілді. Бұл заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы шиеленіске алып келді. Президент пен атқарушы биліктің елдегі саяси ықпалының өсуіне Еуропадағы геосаяси қақтығыстардың әсері бар. Соңғы 1997 жылғы конститу­цияда мемлекет толық парла­менттік басқаруға өтті.

«Аlmaty-akshamy», №117 (6410) 3 қазан, 2023 жыл