Химия бойынша Нобель сыйлығы үш ғалымға берілді

Химия бойынша Нобель сыйлығы үш ғалымға берілді
Сурет: Ашық дереккөзі

1901 жылдан бері химия бойынша Нобель сыйлығы 113 рет берілді

Стокгольмдегі Нобель комитеті химия сыйлығының 2022 жылғы иегерлерін атады, олар – АҚШ ғалымдары Кэролайн Бертоцци мен Барри Шарплесс, сондай-ақ дат ғалымы Мортен Мелдал, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа  сілтеме жасап.

ВВС-дің мәліметінше, сыйлық клик-химиясының әдістерін дамытқаны үшін берілді.

«Химия бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы күрделі процестерді жеңілдетуге арналды. Барри Шарплесс пен Мортен Мелдал молекулалық құрылыс блоктары жылдам және тиімді біріктірілетін химияның функционалды түрі – клик-химияның негізін қалады. Ал Каролин Бертоцци клик химиясын жаңа деңгейге шығарды», - делінген комитеттің баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, 1901 жылдан бері химия бойынша Нобель сыйлығы 113 рет берілді. Сыйлықтың 2022 жылғы мөлшері 10 млн швед кронасын (шамамен 900 мың доллар) құрап отыр.

Физика бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығын француз Ален Аспе, америкалық Джон Ф.Клаузер және австриялық физик Антон Цайлингер алғанын бұған дейін жазған болатынбыз.