Биыл алаяқтықпен ұсталған 3,9 мың адамның 3,2 мыңы жұмыссыз

Биыл алаяқтықпен ұсталған 3,9 мың адамның 3,2 мыңы жұмыссыз
Сурет: Мazhab.kz

Алаяқтық құқықбұзушылықтар салдарынан 61,2 млрд теңге көлемінде залал келген.

Оның ішінде, жеке тұлғаларға 39,3 млрд теңге, заңды тұлғаларға 15,1 млрд теңге, мемлекетке 6,8 млрд теңге шығын келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылғы қаңтар–тамыз аралығында «Алаяқтық» бабы бойынша 29,9 мың құқықбұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.

Оның басым бөлігі интернет-алаяқтық деректері (13,8 мың) екенін атап өткен жөн.  Бұдан елімізде бөлек қылмыстық құқықбұзушылықтың 180-і төлем карталарын пайдалану арқылы, 87-сі ақшаны қарызға беру арқылы, 36-сы несие беру саласында, біреуі жылжымайтын мүлікпен байланысты салаларда тіркелді.

Қылмыстық құқықбұзушылықтардың негізгі бөлігі Алматыда (7 мың жағдай) орын алған. Одан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан (4,4 мың) және Шымкент (2,7 мың) қалалары бар.

Басқа өңірлерге қарағанда құқықбұзушылықтар Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында аз тіркелген. Аталған облыстар маусым айында құрылған.

Жыл басынан бері алаяқтық бойынша 3,9 мың адам ұсталды. 2021 жылмен салыстырғанда 3,8%-ға аз. Ақпаратқа сәйкес, олардың басым бөлігі (3,2 мың адам) жұмыссыздар.

Бұдан бөлек халықты сан соқтырғандардың ішінде 114 жұмысшы, 98 мемлекеттік қызметші, 60 жеке кәсіпкер, 42 оқушы, 10 әскери қызметші де бар.