Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды

Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды
Сурет: Akorda.kz

Геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысында биылғы жыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Egemen.kz сілтеме жасап.

Президент желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттердің айқындалатынын айтты.

 «Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді», - деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанына да тоқталды.

«ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады. Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жетті. Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.